«Сыналдық, бірақ сынбадық!»: Чемпиондық атақтан айырылған Жәнібек Әлімханұлы мәлімдеме жасады

Бүгін, 14:12 / Інжу Әлихан
жеке парақшасынан

Кәсіпқой боксшы Жәнібек Әлімханұлы Орта салмақтағы International Boxing Federation (IBF) нұсқасы бойынша әлем чемпионы атағынан айырылғаннан кейін мәлімдеме жасады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Жәнібек Әлімханұлы IBF нұсқасы бойынша әлем чемпионы атағынан айырылғанымен, WBO нұсқасы бойынша орта салмақта әлі әлем чемпионы ескенін еске салды. Сондай-ақ спортшы 8 айдан соң рингке шығатынын айтты.

«Сыналдық, бірақ сынбадық! Керісінше, шыңдалдық! Шешімдер шықты, IBF кетті, WBO қалды.

Қалай болғанда да қазір мен WBO нұсқасы бойынша орта салмақта әлем чемпионымын! 1 титул сақталды! Аллаға шүкір! Бұйыртса 8 айдан соң рингке шығамын! Үлкен жорық жалғасады. Құдай жаратқан төбені кетпен шауып біте алмайды! Құдай жаққан отты адам үрлеп өшіре алмайды! Біз әлі аяқтамадық, меніңше бәрі енді басталатын сияқты!

Кәсіпқой бокс біреулер үшін спорт болса, кейбіреулер үшін тек бизнес! Біз спорт жағындамыз! Біз қазақылық бағытындамыз!

Қазанаттың жолында жазық та бар, ор да бар, азаматтың жолында бақыт та бар, сор да бар! Бұл – өмір заңы! Әр қиындықтан соң, қуаныш барын ұмытпаймыз!

Мен допингке қарсымын! Мұны бұрын да айтқанмын, қазір де айтамын! Өткен нәрсе өтті, біткен нәрсе бітті! Талқылай бергеннен, уайымдай бергеннен тағдыр өзгермейді. Ең бастысы ел менің кім екенімді, қандай боксшы екенімді жақсы біледі!

Ардақты ағайын, біз әлі ӘЛЕМ чемпионымыз! Алдымызда талай додалар күтіп тұр! Жеңісті күнде жүздесейік! Қолдауларыңызға рақмет», – деді спортшы.  

Тэгтер:

Жәнібек Әлімханұлы