Астанада жаңа Конституция жобасы бойынша сарапшылар алаңы өтіп жатыр

Бүгін, 12:18 / Інжу Әлихан

Бүгін елордада «Конституциялық реформа және қоғамдық диалог: келешекке бағдар» тақырыбында сарапшылар алаңы өтіп жатыр, деп хабарлайды turkystan.kz.

Іс-шараға Парламент депутаттары, саясаттанушылар, академиялық қауымдастық өкілдері, журналистер мен қоғам қайраткерлері қатысты. Қатысушылар жаңа Конституция жобасының негізгі ережелерін және орнықты мемлекеттің институционалдық архитектурасын қалыптастыруға бағытталған өзгерістерді талқылады.

«Жаңа Конституция институттары: орнықты мемлекеттің архитектурасы» атты бірінші панельдік сессияда Мәжіліс депутаты Абзал Құспан сөз сөйлеп, Конституция жобасының азамат құқықтарын қорғау бағытындағы негізгі жаңалықтарына тоқталды.

Депутаттың айтуынша, жаңа Конституция жобасы тек құқықтық құжат қана емес, адамға бағытталған мемлекеттік басқарудың жаңа философиясын қалыптастырады.

«Жаңа Конституцияның басты мақсаты – азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын нығайтып, әділетті мемлекет құру. Негізгі заңның преамбуласында адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің ең жоғары құндылықтары ретінде белгіленген», – деді Абзал Құспан.

Оның айтуынша, жобада азаматтардың құқықтарын қорғауға ерекше мән берілген. Мемлекет әрбір адамның ар-намысы мен қадір-қасиетін қорғауға, жеке өмірінің қол сұғылмауын қамтамасыз етуге міндетті. Сонымен қатар заң алдындағы теңдік қағидасы күшейтіліп, азаматтардың құқықтары бұзылған жағдайда оларды әділ қорғаудың тиімді тетіктері қарастырылған.

Депутат жаңа Конституция жобасындағы маңызды жаңалықтардың бірі – жеке тұлғаны қорғаудың құқықтық кепілдіктерін күшейту екенін атап өтті. Осы мақсатта халықаралық тәжірибеде кеңінен танымал «Миранда қағидасына» ұқсас нормаларды енгізу ұсынылады.

«Бұл қағида бойынша адамды ұстау кезінде оған өзінің негізгі құқықтары түсіндірілуі тиіс. Атап айтқанда, азаматтың үндемеу құқығы, адвокаттың көмегін пайдалану құқығы және қажет болған жағдайда тегін заң көмегін алу мүмкіндігі қамтамасыз етіледі», – деді депутат.

Сонымен қатар жаңа Конституция жобасында адвокатура институтының рөлін күшейтуге ерекше көңіл бөлінген. Адвокатураны Конституция деңгейінде бекіту азаматтардың құқықтарын қорғаудың қосымша кепілдіктерін қалыптастыруға мүмкіндік береді.