Қоғамдық-саяси институт сарапшысы Жансая Нұрәлиева жаңа Конституция Қазақстанда мемлекеттің адамға бағдарланған моделін негізгі бағытқа айналдыратынын айтты. Оның айтуынша, бұл модельде адам, оның өмірі, қадір-қасиеті мен бостандықтары ең жоғары әрі шартсыз құндылық ретінде танылады. Осы тұрғыдан алғанда, Конституция тек жария билікті реттейтін құжат қана емес, ең алдымен адам құқығы мен бостандығын қорғаудың басты құралы болып отыр, деп хабарлайды turkystan.kz.
Сарапшының пікірінше, адам құқықтары мен бостандықтары – ажырамас, абсолютті және ешкім айыра алмайтын құқықтар. Олар әр адамға туған сәттен бастап тиесілі және азаматтығына, жынысына, ұлтына, тіліне, дініне немесе өзге де жағдайларға қарамастан танылады. Бұл құқықтар жеке адамның қадір-қасиеті мен еркіндігін қорғауға бағытталған және азаматтық, саяси, экономикалық, әлеуметтік әрі мәдени құқықтарды қамтиды.
Жансая НҰРӘЛИЕВА, саясаттанушы, ҚСИ сарапшысы:
Жаңа Конституция аясында мемлекеттің адамға бағдарланған моделі негізгі бағытқа айналды. Бұл модельде адам, оның өмірі, қадір-қасиеті мен бостандықтары ең жоғары әрі шартсыз құндылық ретінде танылады. Осы тұрғыдан алғанда, Конституция тек жария билікті реттейтін құжат қана емес, ең алдымен адам құқығы мен бостандығын қорғайтын басты құралға айналады.
Адам құқықтары мен бостандықтары – ажырамас, абсолютті және ешкім айыра алмайтын құқықтар. Олар әр адамға туған сәттен бастап тиесілі және азаматтығына, жынысына, ұлтына, тіліне, дініне немесе өзге де жағдайларға қарамастан танылады. Бұл құқықтар жеке адамның қадір-қасиеті мен еркіндігін қорғауға бағытталған және азаматтық, саяси, экономикалық, әлеуметтік әрі мәдени құқықтарды қамтиды. Аталған қағидалар адам құқықтары саласындағы жалпыға ортақ халықаралық стандарттарға, соның ішінде 1948 жылғы Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясына және Қазақстан Республикасы қатысушы болып табылатын халықаралық шарттарға сәйкес келеді.
Әлемдік тәжірибеде өмір сүру құқығы әрдайым абсолют сипатта бола бермейді. Кейбір мемлекеттерде өлім жазасын қолдануға немесе эвтаназияға байланысты ерекшеліктерге жол беріледі. Қазақстан БҰҰ-ның Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактісіне екінші факультативтік хаттаманы ратификациялау арқылы өлім жазасынан толық бас тарту жөнінде халықаралық міндеттеме қабылдады. Ішкі мемлекеттік рәсімдер аяқталғаннан кейін 2022 жылы өлім жазасы Конституциядан және қылмыстық заңнамадан алынып тасталды. Соның нәтижесінде өмір сүру құқығы абсолют сипатқа ие болды.
Өмір сүру құқығының абсолютті сипаты оның шектелмейтінін, тоқтатылмайтынын және қоғамдық мүдде, қауіпсіздік себептері немесе жасалған құқық бұзушылықтың сипатына байланысты шектелмейтінін білдіреді. Яғни, құқықтар мен бостандықтарды мемлекет сыйламайды, керісінше оларды таниды, қорғайды және қамтамасыз етеді деген конституциялық қағидаттың көрінісі.
Адамның басымдығы, адам өмірінің, ар-намысы мен қадір-қасиетінің мызғымас құндылығы Конституция мәтінінің тұтас өзегіне айналады. Мемлекет құқықтардың көзі емес, олардың кепілі ретінде қоғам мен мемлекет өмірінің барлық саласында адам құқықтары мен бостандықтарын тануға, сақтауға және қорғауға міндетті.