Ақтөбе полицейлері аязды түні жолда қалған 34 шетел азаматына көмек көрсетті

Бүгін, 10:18 / Алуа Арман
polisia.kz

11 наурызға қараған түні ауа температурасы –25 градусқа дейін төмендеген кезде Ақтөбе облысында полиция қызметкерлері республикалық маңызы бар автожолда қалған жолаушыларға көмек көрсетті, деп хабарлайды turkystan.kz.

Қарабұтақ ауылының маңында полицейлер жол жиегінде тұрған жолаушылар автобусын байқаған. Аталған автобус Тәжікстан Республикасынан Ресей Федерациясына бағыт алған. Қолайсыз ауа райы мен қатты аяз салдарынан көлік қозғалысын жалғастыра алмаған.

Автобус салонында 34 шетел азаматы болған. Полиция қызметкерлері оқиға орнына жедел жетіп, жолаушыларға қажетті көмек көрсетті.

Аязда ұзақ уақыт қалып қоймауы және қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында азаматтар уақытша кемпингке жеткізіліп, орналастырылды. Онда жолаушыларға жылынып, демалып, ауа райы жақсарғанша күтуге мүмкіндік жасалды. Медициналық көмекке жүгіну деректері тіркелген жоқ.

Қазіргі уақытта жағдай полиция қызметкерлерінің бақылауында. Ауа райы тұрақталғаннан кейін жолаушылар өз сапарларын жалғастыра алады.

Полиция департаменті жүргізушілерге қыс мезгілінде жолға шығар алдында ауа райы жағдайын ескеріп, сапарларын алдын ала жоспарлауды ескертеді. Төтенше жағдайлар туындаған жағдайда азаматтар 102 немесе 112 нөмірлері арқылы полицияға хабарласа алады.

Тэгтер:

Ақтөбе шетел азаматы аяз жолда қалу