Германиядағы археологтар темір дәуірінде ерекше маңызды болған діни рәсім өткен орынның іздерін анықтады. Ғалымдардың пікірінше, ежелгі қауымдар бұл жерді тылсым әлемге апаратын «қақпа» деп санаған болуы мүмкін. Бұл туралы Arkeonews жазды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Зерттеу жұмыстары Германиядағы Bruchhauser Steine деп аталатын ірі жартастар кешенінде жүргізілген. Археологтардың айтуынша, бұл аумақ шамамен б.з.д. V-III ғасырларда қорғаныс қабырғаларымен қоршалған. Алайда онда тұрақты қоныс болғанының белгілері табылмаған. Сондықтан ғалымдар ұзақ уақыт бойы ежелгі адамдардың не үшін бұл жерді қорғағанын түсіне алмай келген.
Жаңа деректер жергілікті зерттеуші Matthias Dickhaus тапқан олжадан кейін белгілі болды. Ол жартастың биік бөлігінен қатты тот басқан екі темір балтаны тапқан. Балталардың жүздері бір-біріне тік бұрыш жасап орналасқаны археологтардың назарын аударды.
Қазба жұмыстары барысында ғалымдар жартастың ішінен ойылып жасалған шағын шұңқырды анықтаған. Оның ішінде ұсақталған кварц бөлшектері, тас тақта және балға табылған. Зерттеушілердің болжамынша, бұл құралдар кварцты ұсақтау үшін пайдаланылған.
Археологтардың айтуынша, бұл әрекет кездейсоқ емес, белгілі бір рәсімнің бөлігі болған. Ежелгі адамдар алдымен жартастан кварц алып, оны тақта үстінде балғамен ұсақтап, кейін шұңқырды қайтадан мұқият көміп тастаған. Бұл әрекет жартастағы «жараны жабу» сияқты символдық мағынаға ие болуы мүмкін.
Ғалымдарды таңғалдырған тағы бір жайт – бұл жұмыстардың жартастың биік, жел соғып тұратын ұшар басында жүргізілгені. Кварцты төменгі бөліктен алу әлдеқайда жеңіл болар еді. Сондықтан зерттеушілер үшін ең маңыздысы дәл осы орынның өзі болған деген қорытынды жасалды.
Ғалымдардың пікірінше, мұндай биік жерлер ежелгі халықтардың түсінігінде табиғи және тылсым әлемнің шекарасы ретінде қабылданған. Кельт мифологиясында мұндай орындар кейде о дүниеге апаратын қақпа ретінде сипатталады.
Археологтар бұл жаңалық Еуропадағы ежелгі ғұрыптық орындар туралы түсінікті кеңейте түсетінін атап өтті.