Астанада ондаған әуе рейсі кешігіп жатыр

Бүгін, 14:07 / Алуа Арман
istockphoto.com

Бүгін ауа-райының бұзылуына байланысты Астана әуежайында ондаған рейс кешігіп жатыр, деп хабарлайды turkystan.kz.

Келетін рейстер бойынша 11 ұшақ кешігіп келеді: Алматы, Қостанай, Шымкент, Өскемен, Орал, Қызылорда, Бішкек және Омск бағыттары бойынша. Олардың ішінен 2 рейс авиакомпанияның өндірістік себептеріне байланысты, 3 рейс ұшақ алмастыруға байланысты кешіктірілген, қалған рейстер кеш келген ұшақтарға байланысты.

Ұшып шығатын рейстер бойынша 9 рейс кешіктірілген: Шымкент, Петропавл, Семей, Алматы және Омск бағыттары бойынша. 2 рейс Астанадағы ауа райына байланысты, қалғандары кеш келген ұшақтарға байланысты.

Сонымен қатар, рейстер орындалмайтын болған: келетін 3 рейс, ұшып шығатын 8 рейс Астанадағы қолайсыз ауа райына байланысты орындалмайды.

Синоптиктер болжамына сәйкес, 10 наурызда Астанада ауаның бұлтты өзгермелі, кей жерлерде қар, боран және тұман күтіледі. Солтүстік-батыс желі 9–14 м/с, екпіні 15–20 м/с, күндіз кей жерлерде 23 м/с дейін жетуі мүмкін.

Жолаушылардан рейстердің нақты жағдайын авиакомпаниялардан тексеріп, әуежайдың онлайн-таблосынан жаңартуларды қадағалап отыру сұралады.

Тэгтер:

ауа райы Астана Әуежай Ұшақ Рейс авиакомпания