Маңғыстаулық мұғалім Нұржігіт Екібаев Италиядағы беделді H-Farm халықаралық мектебінде математика пәнінен сабақ береді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Бейнеу ауданы Тәжен ауылының тумасы Нұржігіт Екібаев осы білім ордасында қызмет ететін Орталық Азиядан шыққан алғашқы әрі жалғыз қазақ ұстаз. Оның айтуынша, Италия мектептерінде мұғалім мен ата-ананың байланысы нақты ережеге бағынады. Мысалы, ұстаз ата-ананың хатына 48 сағат ішінде жауап беруге міндетті, ал байланыс тек электронды пошта арқылы жүргізіледі.
Нұржігіт Екібаев Италияның Верона қаласындағы Верона университетінің магистратурасын тәмәмдаған. Мұғалімнің айтуынша, бұл мемлекетте өзге елдің азаматтары жұмысқа орналасу үшін міндетті түрде арнайы жұмыс визасы болуы керек.
«Білім ордасында жарты жылдай уақыт қызмет етіп келемін. Италияда өзге елдің азаматтары жұмысқа орналасу үшін міндетті түрде арнайы жұмыс визасы болуы керек. Жалпы мен жұмыс істейтін мектеп Венеция қаласында орналасқан», – деді Нұржігіт Екібаев.
H-Farm – цифрлық технологияларға бағытталған халықаралық инновациялық мектеп. Бұл білім ордасында бір ерекшелік бар. Бұл мектептегі оқушылардың ұялы телефонды қолдануына тыйым салынған.
«Таңертең ұялы телефондары жиналып алынады. Күн соңында қайтарылады. Егер ата-ана баламен шұғыл байланысуы қажет болса мектептің қабылдау бөліміне қоңырау шалады. Ал жоғары сыныптарда сабақ барысында калькулятор қолдануға ғана рұқсат етеміз», - деді Нұржігіт Екібаев.