Автожуу орталығының қызметкері клиенттің көлігін мініп, жол апатына түскен

Бүгін, 12:30 / Алуа Арман
istockphoto.com

Ақтөбеде автожуу қызметкері клиенттің көлігін ұрлап, жол апатына түскен, деп хабарлайды turkystan.kz.

Ақтөбелік тұрғын өз Toyota көлігін Смғұлов көшесіндегі автожуу орталығына жуу үшін қалдырған.  Ол кілтін қызметкерге беріп, үйіне қайтып кеткен. Орталық қызметкері клиенттің сенімін пайдаланып, бөтен көлікті жүргізіп, Карғалы ықшам ауданына өз шаруаларымен барған. Кері қайтып келе жатқанда ол жол-көлік апатына ұшыраған. Қираған көлікті ол автожуу орталығының жанындағы тұраққа қойған.

Көлігін ұрлап кеткенін иесі келесі күні полициядан білген. Шетелдік көлікті жөндеуге шамамен 500 мың теңге кеткен.

Автожуу орталығының қызметкері сотта «ұрлық мақсаты жоқ көлік ұрлау» бабымен жауапқа тартылды. Ол кінәсін мойындап, мас болмағанын айтып, қатты жазаламауды сұрады.

Зиян шеккен тарап тек материалдық шығынды өтеуді талап етті, ал жазаны соттың қарауына қалдырды.

Сот автожуу орталығының қызметкерін 1 жылға еркіндігін шектеу жазасына кесті. Осы кезеңде оған ойын-сауық мекемелеріне баруға тыйым салынып, жұмыстан кейін үйде болу міндеттелген.

Тэгтер:

Ақтөбе көлік клиент автожуу