Павлодарда шайдың ішіне SIM-карта салып, абақтыға кіргізбек болған адам ұсталды

Бүгін, 10:21 / Алуа Арман
polisia.kz

Павлодар облысында сотталған адамға тыйым салынған затты жасырын жеткізу әрекеті әшкереленді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Оқиға №46 түзету мекемесінде болған. Айлакерлікпен жасалған бұл әрекет қызметкерлердің қырағылығы мен кәсібилігінің арқасында әшкереленді.

Сотталғанға жолданған бандерольді жоспарлы тексеру барысында қызметкерлер оның ішін мұқият қарап шықты. Алғаш қарағанда қораптың ішінде кәдімгі шай пакеттері болғандықтан, күмән туғызбаған. Алайда толық тексеру кезінде олардың мүлде басқа нәрсе екені анықталған.

Бір реттік шай пакеттерін ашу барысында олардың ішіне SIM-карталар жасырылғаны белгілі болды. Жіберуші ұсақ пластик бөлшектер шайдың арасында байқалмай кетеді деп үміттенген болуы мүмкін.

Дегенмен қызметкерлердің қырағылығының арқасында бұл байланыс құралы сотталғанға жетпей, дер кезінде анықталып, тоқтатылды.

Айта кету керек, сотталғандарға ұялы байланыс құралдарын пайдалануға қатаң тыйым салынған. Мұндай шектеулер жаңа құқық бұзушылықтардың алдын алу, сондай-ақ куәлар мен жәбірленушілерге қысым көрсетудің жолын кесу мақсатында енгізілген.

Анықталған барлық SIM-карта тәркіленіп, тиісті түрде құжаттандырылды.

Қазіргі уақытта сотталғанға қатысты тәртіптік жауапкершілік мәселесі қарастырылып жатыр.

Ал жіберушіге Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес әкімшілік жауапкершілік қарастырылуы мүмкін.

ҚАЖ қызметкерлері мекемелерге телефон, SIM-карта, есірткі заттары немесе спирттік ішімдіктер сияқты тыйым салынған заттарды жеткізу әрекеті – заң бұзушылыққа жататынын ескертеді. Мұндай айла-тәсілдердің барлығы дер кезінде анықталып, кінәлі тұлғалар заң алдында жауап береді.

Тэгтер:

Павлодар Түрме сотталған абақты сим карта