Таразда жолаушы автобус жүргізушісіне пышақ жарақатын салды

Бүгін, 09:31 / Інжу Әлихан
Скриншот

Таразда мас күйдегі жолаушы автобус жүргізушісіне шабуыл жасаған, деп хабарлайды turkystan.kz.

Оқиға жұмыс ауысымы аяқталар тұста болған. Алдын ала мәлімет бойынша, алкогольдік мас күйде болған 40 жастағы ер адам автобус жүргізушісінен жұмыс кестесі аяқталғанына қарамастан, бағыт бойынша қозғалысты жалғастыруды талап еткен.

Ауызша жанжал көп ұзамай төбелеске ұласып, оның барысында жолаушы пышақ алып шыққан.

«Төбелес кезінде күдікті 59 жастағы жүргізушіні пышақтап жарақаттаған. Оқиға орнына полиция қызметкерлері жедел жетті», — деп хабарлады құқық қорғау органдары.

Жарақат алған жүргізуші шұғыл түрде ауруханаға жеткізіліп, оған қажетті медициналық көмек көрсетілді. Шабуыл жасаған адам «ізін суытпай» ұсталып, уақытша ұстау изоляторына (УҰИ) қамалды.

Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Полиция оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр.