Елімізде мобильді нөмірді басқа операторға ауыстыруға 60 күндік шектеу енгізілуі мүмкін

Бүгін, 07:24 / Нұрлан Әлинұр
istockphoto

Қазақстанда мобильді нөмірді бір оператордан екіншісіне ауыстыру ережелері өзгеруі мүмкін. MNP (Mobile Number Portability) қағидаларына ұсынылған түзетулерге сәйкес, абоненттерге нөмірді қосқаннан кейін 60 күн ішінде басқа операторға ауыстыруға уақытша тыйым салу жоспарланып отыр. Бұл туралы turkystan.kz Finratings.kz-ке сілтеме жасап хабарлады.

Сонымен қатар нөмірді ауыстырудың өзі, керісінше, айтарлықтай жылдам болуы мүмкін.

Неліктен шектеу енгізілмек

Бастама авторларының айтуынша, өзгерістер «жылдам көшу» жағдайларына байланысты ұсынылып отыр. Кейбір операторлар мынадай деректерді тіркеген:

нөмір желіде бір тәуліктен аз уақыт болған;

байланыс үшін пайдаланылмаған;

бірден басқа операторға ауыстыруға өтінім берілген.

Мұндай жағдайлар абоненттердің операторлар арасындағы көшу статистикасын бұрмалап, байланыс нарығын талдауды қиындатады.

Нөмірді ауыстыру рәсімі жылдамдайды

Қазақстан байланыс операторлары қауымдастығы президенті Олег Емельяновның айтуынша, жаңа талаптарды сақтайтын пайдаланушылар үшін нөмірді ауыстыру процесі жеделдетіледі.

Оның сөзінше, жеке тұлғалардың өтінімін тексеру уақыты 35 минуттан 10 минутқа дейін қысқартылуы мүмкін. Бұл оператор ауысқан кезде байланыс уақытша өшіп қалатын мерзімді азайтуға мүмкіндік береді.

Абоненттер үшін қандай өзгерістер болуы мүмкін

Егер түзетулер қабылданса, мынадай талаптар енгізіледі:

нөмір абонентте кемінде 60 күн болуы тиіс;

өтінімді тексеру уақыты 35 минуттан 10 минутқа дейін қысқарады;

оператор ауыстыру кезінде байланыссыз қалу уақыты азаяды.

Қазіргі уақытта бұл өзгерістер жобалық кезеңде. Егер мақұлданса, Қазақстанда мобильді нөмірді жылдам ауыстыруға шектеу қойылады, бірақ көпшілік абоненттер үшін оператор ауыстыру процесі жылдамырақ әрі ыңғайлы болмақ.