Үш күн бұрын Қостанай облысында жоғалып кеткен ер адам айдаладан табылды

9 наурыз, 2026 / Өтей Торғайұлы

Адасып кеткен азамат Алтынсарин ауылы маңынан, елді мекеннен шамамен 11 шақырым қашықтықтағы ашық дала аумағынан табылды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Алдын ала мәлімет бойынша, 1978 жылы туған ер адам 7 наурыз күні сағат 11:00 шамасында Мереке ауылынан қар көлігімен Қарасу аумағына қарай жылқы іздеуге шыққан. Алайда сағат 19:00 шамасында ол қар көлігінің бұзылып қалғанын және өзінің нақты орналасқан жерін анықтай алмай отырғанын хабарлап, SMS хабарлама жіберген.

"Осыдан кейін жедел түрде іздестіру жұмыстары ұйымдастырылып, аумақты тексеру басталды. Операция барысында Төтенше жағдайлар министрлігінің жоғары өтімді техникасы, сондай-ақ «Қазавиаспас» АҚ-ның Ми-8 әуе кемесі тартылды. Іздестіру кезінде құтқарушылар алдымен ер адамның қар көлігін анықтады. Ол Қарасу елді мекенінен шамамен 20 шақырым қашықтықтағы ашық далада болған. Кейін әуеден бақылау барысында қар үстіндегі адамның іздері байқалды. Нәтижесінде адасқан азамат Алтынсарин ауылы маңынан, елді мекеннен шамамен 11 шақырым қашықтықтағы ашық дала аумағынан табылды", - деп жазылған хабарламада.

Азаматқа медициналық көмек қажет болған жоқ. Құтқарушылар оны қауіпсіз түрде Қызбел ауылына жеткізді.

Тэгтер:

Қостанай Ер адам Қызбел