Неге кейде ащы тағамға қатты тартып тұрады?

Бүгін, 19:45 / Ербұлан Қайрат

Көп адам белгілі бір тағамға деген құмарлықты ағзадағы дәрумен немесе минерал жетіспеушілігімен байланыстырады. Мысалы, тәтті жегіңіз келсе – шаршау немесе энергия тапшылығы, ал тұзды қаласаңыз – минералдар жетіспейді деген пікір бар. Ал ащы тағамға деген құмарлық көбіне ағзадағы нақты тапшылықпен байланысты болмайды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Мамандардың айтуынша, чили бұрышы немесе ащы соус қосқысы келу көбінесе адамның өмір салтына, күйзеліске және шаршауына байланысты. Ащы дәм тілдегі рецепторларды қатты қоздырып, қысқа уақытқа сергектік сезімін береді. Сол себепті ми оны тез әсер беретін «стимул» ретінде қабылдайды.

Кейде ащы тағамға деген құмарлық тағамның бірсарынды болуынан да пайда болады. Егер күнделікті рационда дәмі бейтарап тағамдар көп болса, бұрыш пен түрлі соустар тамақтың дәмін айқынырақ етеді. Әсіресе асығыс тамақтанғанда – мысалы, күріш, кеспе немесе тауық еті сияқты қарапайым тағамдарда – дәмдеуіштер тамақты «қызығырақ» етеді.

Сонымен қатар стресс пен ұйқының жетіспеуі де ащы тағамға деген құмарлықты күшейтуі мүмкін. Мұндай кезде өткір дәм адамға эмоциялық серпіліс беріп, қысқа уақытқа сергітеді.

Мамандар егер ащы тағамды жиі жегіңіз келсе, бір ғана өнімге назар аудармай, жалпы өмір салтына көңіл бөлуге кеңес береді. Ұйқының жеткілікті болуы, тыныш жағдайда тамақтану және әртүрлі дәмдерді қолдану бұл әдетті реттеуге көмектеседі.

Мысалы, ащының орнына лимон шырыны, көк шөптер, сарымсақ немесе имбирь сияқты хош иісті қоспаларды пайдалану тағамның дәмін байытып, бірақ рецепторларға шамадан тыс жүктеме түсірмейді.

Тэгтер:

тағам ащы