Күн сайын сүзбе жеу ағзаға қалай әсер етеді?

Бүгін, 19:15 / Ербұлан Қайрат

Сүзбе – көп адамның күнделікті ас мәзірінде кездесетін өнім. Біреулер оны жеңіл кешкі ас ретінде жесе, енді біреулер десерттің орнына пайдаланады. Мамандардың айтуынша, сүзбені тұрақты түрде тұтыну ағзаға бірнеше пайдалы әсер беруі мүмкін, деп хабарлайды turkystan.kz.

1. Тоқтық сезімі ұзақ сақталады

Сүзбеде ақуыз көп болғандықтан, ол баяу қорытылады. Соның нәтижесінде асқазан ұзақ уақыт тоқ болады, ал аштық сезімі кешірек пайда болады. Мысалы, таңғы асқа сүзбе мен жидек қосып жеген адам түскі асқа дейін жеңіл тамақ іздемей жүре алады.

2. Бұлшықеттерге қажет ақуыз көбейеді

Ақуыз – ағзадағы тіндердің жаңаруына және бұлшықет массасын сақтауға қажет негізгі заттардың бірі. Сүзбені тұрақты тұтыну ағзаға қосымша «құрылыс материалын» береді. Бұл әсіресе спортпен айналысатын немесе белсенді өмір салтын ұстанатын адамдар үшін маңызды.

3. Сүйек пен тіс кальций алады

Сүзбе кальцийге бай. Бұл минерал сүйектердің беріктігін сақтауға және тістердің саулығына көмектеседі. Егер адам сүт өнімдерін сирек тұтынса, сүзбе кальций тапшылығын белгілі бір деңгейде толықтыра алады.

4. Қандағы қант деңгейі тұрақтанады

Ақуыз көмірсулардың сіңуін баяулатады. Сондықтан сүзбе жегеннен кейін қандағы қант деңгейі күрт көтерілмейді. Бұл тәттіге деген құмарлықтың азаюына да әсер етуі мүмкін.

5. Ас қорыту жүйесі жақсаруы мүмкін

Сүзбе құрамында ішек микрофлорасын қолдайтын сүтқышқылды бактериялар бар. Егер ағза бұл өнімді жақсы қабылдаса, оны тұрақты тұтыну ас қорыту жүйесінің жұмысын тұрақтандыруы мүмкін.

Мамандар сүзбені күн сайын жеу міндетті емес екенін айтады. Ең маңыздысы – тамақтану рационының әртүрлі әрі теңгерімді болуы. Сүзбе соның бір бөлігі ретінде пайдалы тағам бола алады.

Тэгтер:

денсаулық ағза сүзбе