Боран, көктайғақ, жел: Елімізде алдағы үш күнде ауа райы қандай болады?

Бүгін, 16:28 / Інжу Әлихан
Istockphoto

Синоптиктер 10-12 наурыз аралығына арналған ауа райы болжамын жариялады. Еліміздің басым бөлігінде атмосфералық фронттардың әсерінен тұрақсыз ауа райы сақталып, жауын-шашын болады деп күтілуде, деп хабарлады turkystan.kz «Қазгидромет» РМК-ға сілтеме жасап. 

«Қазгидромет» РМК баспасөз қызметінің хабарлауынша, алдағы үш тәулікте республика бойынша жел күшейіп, тұман түседі. Солтүстік-шығыс және орталық өңірде қалың қар жауады деп болжанса, оңтүстік және оңтүстік-шығыс өңірлерде жаңбыр мен қар түріндегі жауын-шашын күтіледі. Солтүстік өңірлерде бұрқасын мен боран соғып, республика бойынша жолдарда көктайғақ болады.

Еліміздің батыс бөлігінде түнде термометр бағаналары -28 градустан +2 градусқа дейін көтерілсе, күндіз ауа температурасы -13-тен +10 градусқа дейін жетеді. Солтүстік-батыс өңірінде түнде -33 градусқа дейін аяз болып, күндіз -20 мен +3 градус аралығына дейін өзгереді.

Солтүстік Қазақстанда қыстың соңғы лебі әлі сезілетін болады. Түнде ауа температурасы -33-тен -10 градусқа дейін, күндіз -25-тен -7 градусқа дейін суық болады. Орталық Қазақстанда түнде -30 градусқа дейін төмендеп, кейін -10-ға дейін көтерілуі мүмкін, ал күндізгі көрсеткіш -20 мен 0 градус аралығында болмақ.

Оңтүстік өңірлерде түнде -23-тен -7 градусқа дейін суық болса, күндіз күн жылынып, 0-ден +5 градусқа дейін жетеді. Оңтүстік-шығыс өңірлерде түнде ауа температурасы -28 градусқа дейін төмендеуі мүмкін, ал күндіз термометр бағаналары 0 мен -15 градус аралығын көрсетеді.