Шымкентте автокөлік жөндеу ғимаратынан өрт шықты

8 наурыз, 2026 / Нұрлан Әлинұр
Видеодан скриншот

Қаратау ауданында орналасқан автокөлік жөндеу ғимаратынан өрт шықты. Қалың түтін қала тұрғындарының алаңдаушылығын тудырды. 

Оқиға бүгін Сайрам шағынауданындағы Әмір Темір көшесінде болды. Мұнда бір қабатты Garage техникалық қызмет көрсету станциясының ғимараты отқа оранған.

Өрт туралы бейнежазбалар әлеуметтік желілерде тез тарады. Кадрларда ғимараттан жалын лапылдап шығып, маңайда адамдардың жиналғаны байқалады.

Төтенше жағдайлар қызметі оқиға орнына жеткен кезде нысан ашық жалынмен жанып жатқан. Өрттің таралуына жол бермеу үшін өрт сөндірушілер су желілерін тартып, сөндіру жұмыстарына кірісті.

Шымкент қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, өрт туралы хабар 112 пультіне сағат 12:57-де түскен. Оқиға орнына шақыртудың жоғары рангы жарияланып, қосымша күштер жіберілді. Алғашқы өрт сөндіру бөлімшелері хабарлама түскеннен кейін 10 минут ішінде жеткен.

Өртті сөндіруге 23 техника мен 74 қызметкер жұмылдырылды. Сондай-ақ әкімдік тарапынан екі су тасымалдау көлігі мен экскаватор тартылды, - деп хабарлады қалалық ТЖД.

Құтқарушылар 14:40-та өртті оқшаулап, кейін толық сөндірді. Тілсіз жау ғимарат ішінде тұрған бір автокөлікті зақымдады. Зардап шеккендер жоқ.