Дәрігерге қол көтергендер 10 жылға дейін сотталады: заңдағы өзгерістер күшіне енді

Бүгін, 17:16 / Нұрлан Әлинұр
istockphoto

 Бүгін медицина қызметкерлеріне қатысты физикалық күш қолдану мен қорқыту әрекеттері үшін жазаны күшейтетін өзгерістер күшіне енді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Қылмыстық кодекске жаңа бап енгізіліп отыр. Оған сәйкес, медицина қызметкерлері, сондай-ақ жедел медициналық жәрдем бригада жүргізушілерінің өміріне мен денсаулығына қауіп төндіргені үшін қылмыстық жауапкершілікті белгіленген.

Жаза түрлері:

күш қолдану қаупін төндіргені үшін 200-ден 500 АЕК-ке (2,1 млн. теңгеге) дейінгі айыппұл салу, не сол мөлшерде түзеу жұмыстары немесе 300 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстар, не 2 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе айыру жазасы;

аталған әрекеттер ауырлататын мән-жайларда жасалған жағдайда 2 жылдан 3 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе айыру жазасы;

өмірге және денсаулыққа қауіпті емес күш қолданылған жағдайда 500-ден 1000 АЕК-ке (2,1 -4,3 млн теңгеге) дейінгі айыппұл, не сол мөлшерде түзеу жұмыстары немесе 600 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстар, не 2 жылдан 3 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе айыру жазасы;

өмір мен денсаулыққа қауіпті күш қолдану 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы, ал ауырлататын мән-жайлар болған жағдайда 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы.

Сондай-ақ, медицина қызметкерлерінің жұмыс орындарындағы қауіпсіздігін күшейту мақсатында 2,1 мыңнан астам фельдшерді бейнежетондармен жабдықтау, 636 қабылдау бөлімшесінде дабыл түймелерін орнату, бейнебақылау жүйелерін интеллектуалды аналитикамен біріктіру, елдегі 152 стационарда тәулік бойы жұмыс істейтін полиция посттарының қызметін қамтамасыз ету сияқты шаралар жоспарланған.

Айта кетері, 2019 жылдан бері Қазақстанда дәрігерлерге, фельдшерлерге, мейіргерлерге және денсаулық сақтау жүйесінің басқа да қызметкерлеріне қатысты 280-нен астам шабуыл фактісі тіркелген.