Жаңалықтар

А.Мырзахметов LR GROUP компаниясының басшыларымен кездесті

ашық дереккөзі

А.Мырзахметов LR GROUP компаниясының басшыларымен кездесті

ҚР Премьер-министрінің орынбасары Асқар Мырзахметов Израильдің ауыл шаруашылығы саласындағы ең ірі саналатын LR GROUP компания басшыларымен кездесті. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі хабарлайды. LR GROUP компаниясының Израиль мемлекетінде 100 және әлем бойынша 3000-ға жуық қызметкері еншілес компаниялар жүйесі арқылы жұмыс істейді. Сонымен қатар, компания көкөніс, май өндіру, тауық және күркетауық еттері мен жұмыртқаларын өндіру және жылыжай кешенін дамытумен айналысады. LR GROUP компаниясы Қазақстанда бірлескен қор құруға ұсыныспен келіп отыр. Бұл қор қаржылық ұйым ғана емес, жобаларды нақты жүзеге асыратын, шетелден инвестиция тартатын, жаңа технологиялар ендіріп, экспортпен айналысатын ірі орталық болмақ. Кездесу барысында вице-премьер Асқар Мырзахметов жобаның екі тарапқа да тиімді екенін атап өтіп, «КазАгро» Ұлттық холдингімен бірлесіп, алғашқы кезеңін бастауға тапсырма берді. Енді екі жақтағы жұмысшы тобы жобаға қажетті қаражатты есептеп, келісімшарттар түзбек. Айта кету керек, Асқар Мырзахметов өткен аптада ғана Израильге жұмыс сапарымен барып, бірнеше келісімге қол жеткізген болатын. Сапар барысында Израильдің 60-қа жуық бизнес өкілімен кездесулер өткізген. Араға апта салмай, Израиль тарапынан ірі компанияның келіп, инвестиция салуға ниет білдіруі екіжақты келісімнің нақты жемісі болып отыр.