Әлеуметтік желіде Маңғыстаудың дәстүрлі терме өнерін нақышына келтіре орындаған жас жігіттің бейнежазбасы әлеуметтік желі қолданушыларының ыстық ықыласына ие болды. Қазақтың әйгілі жырауы Қашаған Күржіманұлының «Қашағанның тойбастары» термесін шебер орындаған талант иесіне көпшілік бірден назар аударды. Домбыраның қоңыр үнімен дала рухын сездірген орындаушы тыңдарманды баурап, кештің көркін қыздырды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Өнерпаздың шебер орындауы тыңдармандарға ерекше әсер қалдырды. Терменің терең мазмұны мен ұлттық нақыштағы әуендер көрермен көңілінен шығып, дәстүрлі өнердің кереметін айқын көрсетті.
Бүгінде технология дамыған заманда көптеген жастар уақытын әлеуметтік желіде өткізіп, дәстүрлі өнерден алыстап бара жатқаны жасырын емес. Домбыра тартып, терме айту – кез келген жастың қолынан келе бермейтін өнерге айналып барады. Осындай кезеңде ұлттық мұраны насихаттап, дәстүрлі өнерді жаңғыртып жүрген жас орындаушылардың еңбегі ерекше бағаланатыны анық, деп пікір білдірді желі қолданушылары.
Пікір білдіргендер «қазақтың домбырасы жүректі тебірентеді», «жастар арасында осындай өнерлі азаматтардың бары қуантады», «ұлттық өнер жасасын» деген тілектерін жазып жатыр.
Әзірге домбырашы жігіттің аты-жөні белгісіз. Дегенмен оның «Қашағанның тойбастары» термесін әсерлі орындауы мен ұлттық өнерге деген құрметі көпшіліктің ризашылығын тудырды.