Қазақстандықтар 2025 жыл үшін көлік салығын 1 сәуірге дейін төлеуі тиіс, деп хабарлайды turkystan.kz.
Tengri Auto мәліметінше, жеке тұлғалар төлемді 2026 жылдың 1 сәуірінен кешіктірмей төлеуі қажет.
Салық мөлшері әрбір көлік құралы үшін жеке есептеледі. Ол көліктің қозғалтқыш көлеміне байланысты болады және айлық есептік көрсеткіш (АЕК) негізінде анықталады.
Көлік салығын қалай есептейді?
2026 жылы 2025 жылғы есепті кезең үшін салықты есептеу кезінде 2025 жылы қолданылған АЕК пайдаланылады. Ол 3 692 теңге болған (салыстыру үшін: қазіргі уақытта АЕК 4 325 теңгені құрайды).
Әдетте қозғалтқыш көлемі үлкен автокөлік иелері жоғары мөлшерде салық төлейді.
Салықтың нақты мөлшерін Мемлекеттік кірістер комитетінің сайтындағы арнайы калькулятор арқылы білуге болады. Есептеу үшін: жылды, көлікке иелік еткен айлар санын, көлік түрін, қозғалтқыш көлемін көрсету қажет.