Қазақстандағы ең көп әлем чемпионы шыққан аудан анықталды

Бүгін, 11:00 / Інжу Әлихан
Түркістан облысы әкімдігі

Қазақстандағы ең әлем чемпионы көп аудан – Шардара. Бұл туралы Түркістан облысының әкімідігі мәлім етті, деп хабарлайды turkystan.kz.

Әкімдіктің ақпаратынша, биыл «Шардара Армспорт» спорт клубының құрылғанына 25 жыл толып отыр. Бүгінде дүниежүзі бойынша ең мықты деп танылған клубта 500-ге жуық спортшы тұрақты түрде спортпен айналысады.

«Оларға 32 білікті жаттықтырушы тәлім-тәрбие беріп, кәсіби деңгейде дайындайды. Онда қол күреспен қатар гір көтеру, дзюдо, ауыр атлетика, каратэ, семсерлесу, найза лақтыру, ядро лақтыру, таэквондо, бокс, пауэрлифтинг сынды бірнеше спорт үйірмелері жұмыс істейді. Клубта 8 жастан бастап ақысыз түрде кез келген адам спортпен айналыса алады. Сонымен қатар, онда жаттығатын балалар үшін тасмалдаушы автобустар қарастырылған.

2001-2025 жылдар аралығында Шардара ауданынан шыққан армрестлинг спортшылары халықаралық және республикалық ареналарда жоғары нәтижелерге қол жеткізді. Атап айтқанда, 120 Әлем чемпионы, 119 Әлем чемпионатының жүлдегерлері, 87 Әлем кубогының иегері, 5 Әлемдік «Комбат» ойынының чемпионы бар. Сонымен қатар,  351 Азия чемпионы, 284 Азия чемпионатының жүлдегерлері, 97 Азия кубогының иегері, 555 ҚР чемпионы, 706 ҚР чемпионатының жүлдегерлері мен 85 Халықаралық турнир жеңімпаздары шыққан. Одан бөлек, клубта халықаралық дәрежедегі 70 спорт шебері, 130 ҚР спорт шебері, 583 ҚР спорт шеберлігіне үміткер, 4 «Қазақстанға еңбегі сіңген жаттықтырушы» және 2 «ҚР Еңбек сіңірген спорт шебері» дайындалған. Аталған спорт клубының негізін қалаушы - Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы, Шардара ауданының Құрметті азаматы Арман Қарсыбаев», - деп жазды әкімдіктің баспасөз қызметі.