Қоғам мүддесіне басымдық берген Ата заң

Бүгін, 10:45 / Túrkistan Gazeti

Жаңа Конституцияның жобасы жарияланғаннан бері қоғам тарапынан жан-жақты талқылаулар орын алуда. Қоғамда азаматтық белсенділіктің артқаны байқалады. Бұл отандастарымыздың орын алып жатқан жаңғыртуларға бейжай қарамайтынын, өзгерістерге тікелей үлес қоса алатынына деген сенімін көрсетеді.

Мемлекет басшысы 2020 жылы Қазақстан халқына Жолдауында «Мемлекеттік биліктің барлық дерлік институттарын реформалау керек. Жаңғыртудың негізгі мақсаты – тұтас мемлекеттің тиімділігін арттыру. Егер азаматтарымыздың әл-ауқатын шын мәнінде жақсартқымыз келсе, олардың өздерін осы іске белсенді түрде тартқан жөн. Алдағы саяси реформалардың барлығы халықты мемлекет басқару ісіне кеңінен қатыстыруға бағытталуы керек» деген болатын. Бүгін біз соның нақты жүзеге асып жатқанын көріп отырмыз. 
Жаңа Конституцияның жобасын әзірлеуде қоғам тарапынан берілген ұсыныс пікірлердің кең ауқымы және олардың ескерілуі билік пен қоғам арасындағы тұрақты диалогтың орнағанын көрсетеді. Мұның барлығы Президенттің тікелей бастамасымен қолға алынған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының жемісі.
Жаңа Конституцияның жобасын зерделеп қарағанда іргелі жаңашылдықтарға толы екенін көруге болады. 
Әділетті Қазақстан, Заң мен Тәртіп қағидаттарының жаңа Конституция жобасында орнығуы, мәдениет пен білім, ғылым мен инновация құндылықтарының бағдарға алынуы, жоғары экологиялық мәдениетті қалыптастырудың ескерілуі, тарихи-мәдени мұраны сақтау мен төл мәдениетті қолдаудың негізгі қағидаттарға айналуы бұрын соңды болмаған шешімді қадамдар. 
Адам капиталын, білімді, ғылымды, инновацияны дамытуды мемлекет қызметінің стратегиялық бағыты деп тану жаңа Конституцияның негізгі ерекшелігін айқындайды. 
Мемлекет басшысы «Біз жұрттан көш ілгері жүретін ел боламыз. Үйренетін де, үйрететін де ұлт боламыз» деген еді. 
Меніңше, үйрететін ұлтқа айналудың кілті – осы адам капиталын дамытуға ерекше көңіл бөлуде. Әлемдегі озық елдердің тарихына қарап отырсақ, олардың барлығы бүгінгідей деңгейге осы адам капиталына, ғылым мен білімге, инновацияға ден қоюдың арқасында жеткенін көреміз. Олай болса Адам капиталын дамытудың жаңа Конституцияда стратегиялық бағыт ретінде анықталуы біздің де болашағымыздың жарқын болуына жасалған сенімді қадам деп ойлаймын. Мұның барлығы Мемлекет басшысының «Адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін» деген іргелі қағидасынан бастау алады. 
Тұтастай алғанда жаңа Конституция адамға бағдарланған мемлекеттік басқаруды орнықтырады.
Жаңа Конституцияның жобасында қоғамдық адамгершілік ұғымы бірнеше жерде қолданылады. Бұл рұқсат етілгеннің шегін біліп, сол шектен шықпауға жауапкершілік жүктейді.
Қоғамдық адамгершілік ұғымы кейбір сарапшылар тарапынан қызу талқыға түскені жасырын емес. Олардың арасында тіпті мұны адам құқын шектеудің тиімді құралы деп санайтындар табылады. Меніңше, бұл біржақты түсініктен туындаған тұжырым.
Қоғамдық адамгершілік ұғымы бір қарағанда жай ғана түсінік сияқты көрінгенімен, кеңірек зерделегенде әлдеқайда ауқымды мазмұнға ие. 
Енді осыған қысқаша тоқтала кетсем, менің ойымша Конституцияның қоғамның құндылықтық бағдарын айқындап, рұқсат етілген шектерді белгілегені дұрыс. Себебі жеке тұлғаға деген құрмет пен сенім, қоғамдық келісім өздігінен пайда болмайды. Олар адамның қадір-қасиетін қорғайтын және жауапкершілік мәдениетін қалыптастыратын нормалар арқылы сақталады. Оны жүзеге асыратын мемлекет қана. 
Осы тұста, әсіресе, бүгінгі цифрлық дәуірде өзекті бір мысал келтіре кеткім келеді. Мәселен, өскелең жас ұрпақ әлеуметтік желіні ашқанда күн сайын агрессия мен зорлық культінің тасқынымен бетпе-бет келеді. Бір жағынан, «контент» пен «пікір еркіндігі» ғой деген желеумен бұған көз жұма қарағанмен, екінші жағынан мұның күнделікті жағдайға айналуы қалыптасып келе жатқан жас ұрпақ үшін әдеттегі құбылыс ретінде қабылданады. Егер жасөспірім заңнан көрі күш маңызды, ал өзгелерді төмендету – өзін дәлелдеудің тиімді жолы деп ұғына бастаса, болашақта оны тұтастай қоғамдық қатынастың қалыпты жағдайы деп танитын болады. Бірнеше жылдан кейін сол жасөспірім ересек өмірге қадам басады, сол кезде ол өз көзқарасында бәріне рұқсат етілген деген түсінікте болса, онда оның дұрыс ішкі мәдениетінің қалыптаспағаны. Енді мұның орнын ештеңемен толтыра алмайсың. 
Сондықтан да қоғамның адамгершілік болмысын қорғау ең маңызды мәселе, яғни ЕРКІНДІК ПЕН ЖАУАПКЕРШІЛІК БІР‑БІРІНЕ ҚАРАМА-ҚАЙШЫЛЫҚҚА АЙНАЛМАЙ, ТЕҢГЕРІМДЕ БОЛУҒА ТИІС. Олай болса, жеке құқық пен қоғамдық мүдде, еркіндік пен қадір‑қасиет арасында осындай теңгерімді сақтауда мемлекет маңызды рөл атқарады. Бұл жерде МЕМЛЕКЕТТІ ЕРКІНДІКТІ ШЕКТЕУШІ РЕТІНДЕ ҚАРАМАУ КЕРЕК, КЕРІСІНШЕ ТЕҢГЕРІМДІ ҰСТАП ТҰРУШЫ НЕГІЗ РЕТІНДЕ ҚАРАҒАН ЖӨН.
Жаңа Конституцияның жобасында қоғамдық адамгершілік ұғымын бірнеше  мәрте ескеру арқылы мемлекет негізгі құқықтар мен бостандықтарды реттеу кезінде қоғамның моральдық стандарттарын есепке алу үшін конституциялық негізге ие болады. Бұл – дұрыс.
Қоғамдық адамгершілік түсінігі қоғамдық келісім ұғымына жақын. Яғни, қоғамды біріктіретін ортақ құндылықтар мен ортақ мұраттар, ортақ келісімдер дегенге келеді. Еуропалық әлеуметтік-философиялық танымда қоғамдық келісім ұғымы әлдеқашан ғылыми айналымға еніп, кең зерделенген.   
Қоғамдық келісім теориясына сәйкес, белгілі бір мемлекетте өмір сүретін адамдар өздерінің құқықтарының бір бөлігін мемлекет пен қоғамның орнықтылығы үшін шектей отырып жаңа мүмкіндіктерге қол жеткізеді. Яғни, мемлекеттік тәртіптің орнауы арқылы олар өздерінің еркіндіктерінің қорғалуына кепілдік алады. 
Француз ойшылы Жан-Жак Руссо өзінің еңбектерінде мемлекеттің пайда болуы қоғамдық келісімнің нәтижесі деп тұжырымдайды. Адамдар әділеттілік пен тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында бірігуге шешім қабылдайды. Бұл келісімде әрбір азамат бүкіл қауымның игілігі үшін өз мойнына міндеттемелер алады. Қоғамдық келісімде ОРТАҚ ИГІЛІККЕ БАСЫМДЫҚ БЕРІЛЕДІ және шешімдер көпшілік дауыспен қабылдануы тиіс. Сондықтан қоғамның мүддесі қашанда басым саналады. Жан-Жак Руссоның адам табиғатынан жақсылыққа ұмтылады деген идеясы адамгершілік қағидалар жеке мүддеден жоғары тұруға тиіс деген сенімге негізделген. 
Әл-Фараби болса, қоғамдық адамгершілікті шынайы бақытқа жетудің негізі деп санаған. Әділеттілік пен парасаттылықты қоғамдық адамгершілікті құрайтын қасиеттер ретінде қараған. Сондықтан қоғамдық адамгершіліктің сақталуы және қорғалуы маңызға ие.
Жаңа Конституция жобасының 15-бабының 5-тармағында «Адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын іске асыру басқа тұлғаның құқықтарын бұзбауға және бостандықтарын шектемеуге тиiс, конституциялық құрылыс негіздеріне, қоғамдық тәртіпке, азаматтардың денсаулығы мен қоғамның адамгершілік болмысына нұқсан келтiрмеуге тиiс» деп көрсетілген. Осылайша, жаңа жобада қоғамдық мүддеге ерекше басымдылық берілген. Бұл жоғарыда айтқан  рұқсат етілгеннің шегін біліп, сол шектен шықпауға жауапкершілік арқалауды білдіреді. СОНДЫҚТАН ОНЫ БЕЛГІЛІ БІР ЖАҒДАЙДА ЖЕКЕ АДАМНЫҢ ҚҰҚЫҒЫН ШЕКТЕУ ДЕП ЕМЕС, ЖАУАПКЕРШІЛІГІН БЕКІТУ деп түсінген абзал. Басқаша айтқанда, бір адамның бостандығы екінші адамның бостандығы басталған жерде аяқталады. Өзгеше болуы мүмкін емес. Олай болса жаңа Конституция жобасында қоғамдық мүддеге басымдылықтың берілуі қоғамда ортақ ізгілікті орнықтырудың бастамасы деп түсінген жөн.

Дархан ЖАЗЫҚБАЙ,
Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасы