Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігі бірыңғай ұлттық тестілеуді (ҰБТ) өткізу қағидаларына өзгерістер енгізді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек 26 ақпанда № 99 бұйрыққа қол қойды. Аталған бұйрық Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2017 жылғы 2 мамырдағы № 204 «Бірыңғай ұлттық тестілеуді өткізу қағидаларын бекіту туралы» бұйрығына өзгерістер енгізуді көздейді.
Жаңартылған қағидаларға сәйкес, ҰБТ-ға қатысуға өтініш беріп, бірақ дәлелді себептермен тестілеуге келе алмаған талапкерлерге ҰБТ өткізілетін кейінгі күндердің бірінде емтихан тапсыру мүмкіндігі беріледі. Шарт — тиісті тапсыру тілі бойынша аудиторияда бос орын болуы.
Дәлелді себептер қатарына мыналар жатады:
Ауру немесе ауруханаға жатқызылу. № 026/у нысанындағы дәрігерлік-кеңестік комиссияның қорытындысын немесе стационарлық науқастың медициналық картасынан үзінді эпикриз ұсыну қажет.
Жақын туысының қайтыс болуы. Қайтыс болу туралы куәлік және туыстықты растайтын құжат қажет. Жақын туыстар тізбесі ҚР «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодексімен айқындалады.
Сондай-ақ өзгерістер қысқартылған оқу мерзімі бар бағдарламалар бойынша туыстас даярлық бағыттарына түсетін тұлғалардың ҰБТ тапсыру қағидаларына да қатысты болды.
«Қысқартылған оқу мерзімін көздейтін білім беру бағдарламалары бойынша туыстас даярлық бағыттарына түсетін тұлғалар, оның ішінде Қазақстан Республикасының азаматы болып табылмайтын қазақ ұлтының өкілдері, шығармашылық даярлықты талап ететін білім беру бағдарламалары тобына түсушілерді қоспағанда, жалпы кәсіптік және арнайы пәндер бойынша ҰБТ тапсырады», – делінген бұйрықта.