"Тірі адамдікіндей соғады": ғалымдар жүректі 3D принтермен басып шығарды

Бүгін, 20:02 / Ербұлан Қайрат
сурет: news.wsu.edu

АҚШ-тағы Washington State University ғалымдары 3D-принтер көмегімен жүректің сол бөлігінің жұмыс істейтін моделін жасап шығарды. Жаңа әзірлеме Advanced Materials Technologies ғылыми журналында жарияланды, деп хабарлайды turkystan.kz news.wsu.edu-ға сілтеме жасап.

Жүректің сол жағы адам ағзасындағы қан айналымының ең ауыр жұмысын атқарады. Дәл осы бөлік жоғары қысыммен оттекке қаныққан қанды бүкіл денеге айдайды. Алайда жас ұлғайған сайын мұнда жиі митралды қақпақшаға байланысты мәселе пайда болады: ол толық жабылмай, қанның бір бөлігі қайтадан жүрек камерасына ағып кетеді. Мұндай құбылыс регургитация деп аталады және ол жүректің жұмыс тиімділігін төмендетеді.

Ғалымдар жасаған модель нақты жүректің сканерлеу деректері негізінде басып шығарылған. Сондықтан ол жүректің пішіні мен ішкі құрылымын дәл қайталайды. Модельдің ішінде жүректің жиырылуын имитациялайтын шағын пневматикалық жетектер орнатылған, ал арнайы материал митралды қақпақшаның қозғалысын басқарады. Сонымен қатар құрылғыда «қан қысымын» бақылайтын датчиктер бар, ал ультрадыбыс арқылы қақпақшаның жұмысын тексеруге болады.

Бұған дейін дәрігерлер операция жасау дағдыларын жануарлар немесе компьютерлік симуляциялар арқылы үйреніп келген. Ал жаңа модель көп рет қолдануға болатын әрі шынайы жағдайды дәл бейнелейді.

Зерттеушілер бұл модельде тәжірибелік операция да жасап көрген. Олар ақауы бар митралды қақпақшаны 3D-принтермен басып шығарып, кейін оны жөндеген. Датчиктердің көрсеткіштері қақпақшаның толық жабылғанын және қанның қайта кері ағуы тоқтағанын растаған.

Ғалымдардың айтуынша, мұндай тренажер хирургтар мен медицина студенттеріне күрделі операцияларды алдын ала пысықтауға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде науқастарға жасалатын операциялардың қауіпсіздігін арттырып, емнің тиімді болуына көмектесуі мүмкін.

Тэгтер:

3D принтер жүрек