Оксфорд шығаратын беделді медициналық журнал 25 жыл бойы өтірік мақала жариялап келген

Бүгін, 19:23 / Ербұлан Қайрат
сурет: retractionwatch.com

Канададағы беделді медициналық басылымдардың бірі – Paediatrics & Child Health журналы соңғы 25 жылда жарияланған 138 ғылыми мақаласына түзету енгізуге мәжбүр болды. Белгілі болғандай, онда сипатталған клиникалық жағдайлар шын оқиға емес, ойдан құрастырылған мысалдар болып шыққан, деп хабарлайды turkystan.kz retractionwatch.com-ға сілтеме жасап.

Журнал бұл материалдарды 2000 жылдан бастап Канаданың педиатриялық қадағалау бағдарламасына арналған арнайы серия ретінде жариялап келген. Әдетте мақалалар белгілі бір науқастың жағдайын сипаттаудан басталып, кейін дәрігерлерге арналған «үйрену сабақтары» мен статистикалық мәліметтер ұсынылатын. Алайда мәтіндердің еш жерінде бұл жағдайлардың ойдан шығарылғаны көрсетілмеген.

Мәселе The New Yorker журналы қаңтар айында жариялаған зерттеуден кейін белгілі болды. Онда 2010 жылы жарық көрген «Baby boy blue» атты мақаладағы нәрестенің жағдайы шындыққа жанаспайтыны айтылған. Мақалада анасының кодеин қосылған дәрі қабылдауы салдарынан емшек сүті арқылы нәрестеге опиоид әсері өткен деген тұжырым жасалған. Кейін авторлардың бірі бұл жағдайдың ойдан құрастырылғанын мойындаған.

Осыдан кейін журнал редакциясы барлық 138 мақалаға арнайы ескерту қосып, сипатталған оқиғалардың ойдан шығарылған мысал екенін ресми түрде хабарлады. Бас редактор Джоан Робинсонның айтуынша, бұдан былай мұндай материалдардың мәтінінде олардың «фикциялық кейс» екені анық жазылады.

Алайда кейбір ғалымдар бұл шара жеткіліксіз деп есептейді. Торонто университетінің профессоры Дэвид Джурлинктің пікірінше, аталған мақалалардың бірқатары ғылыми қауымдастықты ұзақ уақыт жаңылыстырған. Өйткені зерттеушілер оларды шынайы клиникалық дерек ретінде пайдаланып, өз жұмыстарында сілтеме жасаған.

Ғалымдардың айтуынша, ғылыми журнал оқырмандары жарияланған мәліметтердің шынайылығына толық сенуге құқылы. Сондықтан нақты белгісіз немесе ойдан шығарылған деректер медициналық басылымдарда айқын көрсетілуі тиіс.

Тэгтер:

медицина Оксфорд журнал