Қарағандыда дәрігерлер 3 айлық балаға ота жасап, аман алып қалды

Бүгін, 16:56 / Інжу Әлихан
Қарағанды қаласындағы №2 көпбейінді ауруханасы

Қарағанды қаласындағы №2 көпбейінді ауруханада (Кардиоорталық) алғаш рет үш айлық қыз балаға күрделі жүрек отасы жасалды. Нәрестенің өмірін жергілікті және елордалық дәрігерлерден құралған бірлескен команда сақтап қалды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Бастапқыда диагноз аса қауіпті көрінбеді: қыз бала пневмониямен №1 көпбейінді ауруханаға жатқызылды. Алайда қосымша тексеру барысында дәрігерлер қауіпті патология — қолқа коарктациясын анықтады. Бұл туа біткен жүрек ақауы, мұнда ағзаның негізгі қантамыры тарылып, қан айналымы бұзылады.

Диагноз ата-анасына бірден хабарланып, бала шұғыл түрде Кардиоорталыққа ауыстырылды. Консилиум өткізіліп, мамандар елдің жетекші кардиохирургтарының қатысуымен өтетін шеберлік сабағы аясында ота жасауға шешім қабылдады. Қарағандыға University Medical Center (UMC, Астана) құрамынан кардиохирург Ғалымжан Өтегенов пен анестезиолог Хафиз Ахмеров келді.

Ота бес сағатқа жуық уақытқа созылып, дәрігерлер қолқа коарктациясын резекциялап, «ұшынан-ұшына» анастомоз салу арқылы қан айналымын толық қалпына келтірді. Ота барысында ашық артериялық өзек те табылып, сәтті түрде лигирленді.

«Өмірінің алғашқы айларындағы балаларда қолқаның критикалық коарктациясы шұғыл хирургиялық араласуды талап етеді. Ота техникалық тұрғыдан күрделі болды, бірақ жоспарлы режимде өтті. Біз тарылуды және қатар жүретін патологияны толық жойдық. Қазір негізгі рөл — операциядан кейінгі оңалтуда. Баланың жағдайы сенім ұялатады», — деді кардиохирург Ғалымжан Өтегенов.

№2 көпбейінді аурухананың балалар кардиохирургиясы бөлімшесінің меңгерушісі Ғанибек Ақжанов бұл оқиғаның өңір үшін маңызын атап өтті:

«Бұл — біздің аурухана қабырғасында жасалған алғашқы ота. Бұған дейін мұндай науқастар республикалық орталықтарға жіберілетін. Елордадағы әріптестерімізбен бірлесіп, жоғары технологиялық көмекті өз орнымызда көрсете алдық. Бұл Қарағандыда балалар кардиохирургиясын дамытудағы маңызды қадам», — деді ол.

Қазіргі таңда қыз бала жансақтау бөлімінде мамандардың тұрақты бақылауында. Дәрігерлер оң динамиканы атап, оның сәтті сауығып кететініне үмітті.