Ақтаудан Астраханьға автобус рейсі іске қосылады

Бүгін, 15:46 / Інжу Әлихан

Маңғыстау облысының тұрғындары Астраханьға жаңа халықаралық автобус рейсі арқылы қатынай алады. Алғашқы рейс Ақтаудан 20 наурызда жолға шығады, деп хабарлайды turkystan.kz Lada.kz сайтына сілтеме жасап.

Автобус Ақтаудан сағат 10:00-де аттанады. Жолаушылар 7-шағынаудандағы «Мәңгілік алау» ескерткіші маңынан отырғызылады. Тасымалдау үшін 45 орындық жайлы қалааралық Higer маркалы автобус пайдаланылады. Жол жүру уақыты шамамен 18 сағатқа созылады.

«Астраханьнан Ақтауға кері рейс 22 наурызда жергілікті уақыт бойынша сағат 10:00-де жоспарланған. Жолаушыларды отырғызу Первая Перевозная көшесі, №120 үйдің маңында (теміржол вокзалының артында) жүзеге асырылады. Сәуір айынан бастап рейстер тұрақты түрде орындалады: Ақтаудан – әр жұма сайын, Астраханьнан – әр жексенбі сайын», – деп хабарлады Taxi Star компаниясы.

Бір бағыттағы билет құны ересектер үшін 30 мың теңге, ал 12 жасқа дейінгі балаларға 22 мың теңге.

Сондай-ақ жолаушыларға багаж тасымалдау талаптары ескертілді: белгіленген нормадан асқан әрбір қосымша килограмм үшін 350 теңге көлемінде қосымша ақы төленеді.