Павлодардағы №8 мектеп-лицейінің 11-сынып оқушысы Әселя Абдурахимова әскери ұшқыштарды даярлауға арналған жаңа буындағы реактивті оқу-жаттығу ұшағының жобасын жасап шықты, деп хабарлайды turkystan.kz Аstanatv.kz арнасына сілтеме жасап.
Павлодар қаласындағы №8 мектеп-лицейдің 11-сынып оқушысы Әселя Абдурахимова әскери ұшқыштарды даярлау тәсілін өзгертуі мүмкін оқу-жаттығу ұшағының жобасын әзірледі.
Әселдің айтуынша, аспан әрдайым оның ең үлкен қызығушылығы болған. Бұрын ол өзін азаматтық ұшақтың тізгінінде елестетсе, қазір әскери авиациядағы жобалау мен модельдеуге көбірек қызығады. Осы қызығушылықтың нәтижесінде MG10 деп аталатын жаттығу ұшағының жобасы дүниеге келген.
«Аэродинамиканы жетілдіру және тарту күші 10 кН болатын үнемді қозғалтқышты қолдану арқылы мен MG10 ұшағын жасадым. Ол бұрынғы үлгілерге қарағанда әлдеқайда тиімді. Ұшақ толықтай Glass Cockpit сандық кабинасымен жабдықталған. Ол жаңа буындағы жойғыш ұшақтардың интерфейстерін имитациялауға мүмкіндік береді. Соның арқасында ұшқыштарға қарапайым реактивті ұшақтан әскери ұшақтарға көшу әлдеқайда жеңіл болады», – деді жас өнертапқыш.
Әселдің жобасындағы техникалық сипаттамалар жан-жақты есептелген. Ұшақ корпусының 60%-ы заманауи композиттік материалдардан, ал 40%-ы металдан жасалады. Отынсыз салмағы шамамен 1600 келі болады.
Ұшақты құрастырудың болжамды құны 3 миллион доллар шамасында. Бұл авиациясы енді дамып келе жатқан, қымбат шетелдік ұшу мектептеріне қол жеткізе алмайтын елдер үшін тиімді жоба болуы мүмкін.
Әсел Blender бағдарламасында ұшақтың толыққанды 3D-моделін жасап шыққан. Жобада ұшақты шынайы түрде құрастыруға мүмкіндік беретін барлық материалдар мен техникалық параметрлер көрсетілген.
Жобаны жүзеге асыруға Әселге физика пәнінің мұғалімі Жасұлан Меңдібаев көмектескен. Олар бірге күрделі математикалық есептеулер жүргізіп, жанармай бактарының көлемін есептеп, аэродинамикалық параметрлерді анықтаған.
Педагогтың айтуынша, жасалған прототип болашақта кәсіби инженерлердің назарына ұсынылуы мүмкін дайын жоба. Павлодарлық оқушының жұмысына физик ғалымдар мен профессорлар да жоғары баға берген. Олар жобаның өзектілігін ғана емес, оны болашақта жүзеге асыру мүмкіндігі бар екенін атап өтті. Қазір 11-сынып оқушысы өзінің есептеулеріне сүйеніп, бір күні нағыз ұшақ құрастырылса деген арманын жасырмайды.