Полиция заңсыз ет өнімдерін сатқан жасырын цехтарды анықтады

Бүгін, 12:16 / Інжу Әлихан
Polisia.kz

Астанада полиция антисанитариялық жағдайда мал сойып, ветеринариялық бақылаусыз және тиісті ілеспе құжаттарсыз ет өнімдері сатылымға шығарған бірнеше жасырын цехты анықтады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Заңсыз айналымнан барлығы шамамен 3 мың тонна ет өнімі тәркіленіп, "Астана-Ветсервис" ШЖҚ МКК мамандарымен бірлесіп белгіленген тәртіппен жойылды.

Сонымен қатар жеке тұрғын үйлердің бірінің ауласындағы шаруашылық құрылыстарында заңсыз жасырын цех анықталды. Онда ешқандай рұқсат құжаттарынсыз және міндетті ветеринариялық бақылаудан өтпеген ет өнімдерін өңдеу, сақтау және сату жұмыстары жүргізілген.

Тексеру барысында ет өңдеуге арналған жабдықтар, сондай-ақ ветеринариялық құжаттары жоқ ірі және ұсақ мүйізді малдың 60 басы, малдың тұтас еті, тұяқтары және басқа да ет қалдықтары табылды.

Аталған фактілер бойынша тексеру шаралары жүргізілуде. Қатысы бар тұлғалар анықталып, қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тартылады.

Полиция азаматтарға ет өнімдерін сатып алу кезінде оның заңды шығу тегін растайтын ілеспе құжаттарға, ветеринариялық анықтамалар мен таңбалауға міндетті түрде назар аударуды ескертеді. Рұқсат құжаттарынсыз өнімді өткізу заң бойынша жауапкершілікке әкеледі.