Бүгін «Әділетті және прогрессивті Қазақстанның халықтық Конституциясы үшін!» Жалпыұлттық коалициясының мүшелері Астанадағы №3 сорғы-сүзу стансасына барып, қызметкерлерімен кездесті, деп хабарлайды turkystan.kz.
Астананың №3 сорғы-сүзу стансасы қаланың сол жағалау бөлігін сапалы ауыз сумен қамтамасыз етеді. Станса тұтыну көлемінің артуына байланысты су қысымын тұрақтандыруға және сұранысты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Қазіргі таңда стансада шамамен 100 қызметкер еңбек етеді.
Кездесуге ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Марат Башимов, Астана қаласы мәслихатының төрағасы Табиғат Зейнұлқабден, Астана қаласы мәслихатының депутаты Владислав Сергеев, заң ғылымдарының докторы Ермек Абдрасулов қатысты.
Кездесу барысында жаңа Конституция жобасының басты өзгешеліктері мен жаңалықтары жан-жақты түсіндірілді.
Ермек Абдрасулов айтқандай, жаңа Конституцияда адам өмірі мен құқықтары басты құндылық ретінде көрсетілген, білімге, ғылымға, мәдениетке және инновацияларға ерекше мән берілген. Сондай-ақ елде Халық кеңесі құрылады, оның құрамына этникалық топтар кіреді, олар өз мүдделерін қорғап, бастамаларын Құрылтайға жеткізе алады.
«Конституцияда «Миранда» ережесі бекітілген. Әр адамды ұстау кезінде оған құқықтары түсіндіріліп, адвокат шақыру мүмкіндігі беріледі. Егер бұл ереже сақталмаса, дәлелдер жарамсыз болып саналады. Сонымен қатар елде Вице-президент лауазымы енгізіліп, бір палаталы Парламенттің атауы Құрылтай болады», — деді Ермек Абдрасулов.
Кездесу соңында станса қызметкерлері жаңа Конституция жобасын қолдауға дайын екендіктерін атап өтіп, референдумда белсенді қатысуға ниеттерін білдірді.