Бүгін, 5 наурызда Қазақстанның басым бөлігінде қолайсыз ауа райына байланысты дауылды ескерту жарияланды. Бұл туралы «Қазгидромет» РМК мәлімдеді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Синоптиктердің болжамынша, ел аумағында қар мен жаңбыр аралас жауын-шашын, боран, көктайғақ, тұман және екпінді жел күтіледі. Кей өңірлерде желдің жылдамдығы 15-20 м/с-қа дейін жетіп, екпіні 23-28 м/с болуы мүмкін.
Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Қарағанды облыстарында қар, боран және көктайғақ болжанады.
Шығыс Қазақстан, Абай, Ұлытау облыстарында қар жауып, төменгі боран мен тұман күтіледі.
Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Атырау облыстарында жауын-шашынмен қатар тұман мен көктайғақ болады, кей жерлерде шаңды дауыл соғуы ықтимал.
Алматы, Жетісу, Жамбыл, Түркістан облыстарында жаңбыр мен қар аралас жауын-шашын, таулы аймақтарда қатты қар жаууы мүмкін.
Маңғыстау және Қызылорда облыстарында тұман мен көктайғақ күтіледі.
Синоптиктер тұрғындарды сақтық шараларын сақтауға, ал жүргізушілерді алыс жолға шықпауға және жол қозғалысы кезінде аса мұқият болуға шақырады.