Шымкентте қайғылы оқиға: Бір подъездегі үш пәтерден 4 адамның мәйіті табылды

Бүгін, 06:06 / Нұрлан Әлинұр
Видеодан скриншот

Шымкент қаласының Студенттік қалашық шағын ауданында бір подъездегі үш пәтерден төрт адамның мәйіті табылды. Алдын ала мәлімет бойынша, оқиғаға газдан улану себеп болуы мүмкін. Бұл туралы turkystan.kz КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Қайғылы жағдай орын алған үй тұрғындарының айтуынша, подъезде бірнеше күн бойы газдың иісі сезілген. Алайда нақты шара қолданылмаған.

Көршілердің мәліметінше, бір пәтерден 31 жастағы әйел мен 16 жастағы жасөспірім қыздың денесі табылған. Екінші қабаттағы тағы бір пәтерден 23 жастағы жігіт өлі күйінде анықталған. Ал үшінші қабаттағы жалдамалы пәтерде студент қыз көз жұмған.

Айтуларынша, 20 жастағы қыздың денесін пәтер иесі ванна бөлмесінен тапқан.

Оқиға куәгері Ислам Файзуллаевтың сөзінше, алдымен жалдамалы пәтердегі қыздың мәйіті табылған.

«Бірінші қызды шамамен сағат 12:00-де тапты. Пәтер иесі келіп, ванна бөлмесінің есігі жабық тұрғанын көрген. Ашып қараса, квартирант қыз шомылып жатқан кезінде қайтыс болған. Осыдан кейін учаскелік инспектор шақырылды. Тұрғындарды сыртқа шығара бастады. Құтқарушылар келіп, басқа пәтерлердің есігін ашып, тағы мәйіттерді тапты», – дейді ол.

Қазіргі уақытта полиция «адам өліміне әкеліп соққан қызмет көрсету» фактісі бойынша қылмыстық іс қозғаған.

Газ қызметі тарапынан әзірге ресми түсініктеме берілген жоқ.
Оқиғаның нақты себептері анықталып жатыр.