Шерзат Полаттың үйіндегі өртке қатысты тергеу қайта жанданды

Бүгін, 05:36 / Нұрлан Әлинұр
Әлеуметтік желіден

Алматы облысының прокуратурасы 2024 жылдың күзінде болған оқиғаға байланысты тергеу жұмыстарының қай сатыда екенін түсіндірді, деп хабарлайды turkystan.kz kazinform-ға сілтеме жасап.

Былтыр Бас прокурордың орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев істің мән-жайын жан-жақты анықтау үшін Ресей Федерациясынан спутник суреттері келуі тиіс екенін, тергеудің соған байланысты кідіргенін түсіндірген болатын. Кейін 2025 жылдың тамыз айында аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстарының тоқтатылғаны белгілі болды. 

Аяғына жеткізілмеген іске байланысты агенттік тағы да сауал жолдап, Алматы облысының прокуратурасына жүгінді.

— Қ.Нұрымовтың үйінде болған өрт дерегі бойынша тіркелген қылмыстық іс аясында қазіргі уақытта тергеу органы қажетті тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. Олардың нәтижесі бойынша тиісті процестік шешім қабылданады. Аталған қылмыстық іске қатысты өзге де мәліметтер Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес тергеу мүддесі үшін жария етуге жатпайды, — делінген облыс прокуроры Берік Адамовтың жауабында.

Сонымен қатар қадағалау органы спутниктік деректердің алынған-алынбағанын және бұл іс бойынша күдіктілердің анықталуын нақтылаған жоқ.