Қазақстан Сыртқы істер министрлігі Таяу Шығыс елдеріне сапарлардан уақытша бас тартуға кеңес берді

Бүгін, 20:44 / Өтей Торғайұлы

Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Ерлан Жетібаев Таяу Шығыс елдерінен Қазақстан азаматтарын эвакуациялау мәселелеріне қатысты брифинг өткізді, деп хабарлайды turkystan.kz.

"Біз отандастарымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бар күш-жігерімізді салудамыз және кез келген жағдайда жан-жақты қолдау көрсетудеміз. Қазіргі уақытқа дейін Қазақстан Республикасы азаматтарының арасында зардап шеккендер немесе қаза болғандар туралы ақпарат түскен жоқ. Қазақстандық дипломаттар Орталық аппаратта да, өңір елдерінде де тәулік бойы жұмыс істеуде. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша отандастарға қажетті көмекті ұйымдастыру жөніндегі барлық жұмысты жедел үйлестіретін арнайы штаб құрылды. Азаматтардан эвакуациялау үдерісін ұйымдастырудың күрделілігіне түсіністікпен қарап, Қазақстанның шетелдегі мекемелерінің қызметкерлеріне барынша қолдау көрсетуді сұраймыз", - деді ресми өкіл.

Сондай-ақ ол эвакуация жұмыстары кезінде зейнеткерлерге, ата-анасымен бірге жүрген балаларға, жүкті әйелдерге, кәмелетке толмағандарға және денсаулығында шектеулері бар адамдарға басымдық берілетінін айрықша атап өтті.

"Бүгінде Иранда – 47, Израильде – 163, Қатарда – 3000-нан астам, Біріккен Араб Әмірліктерінде – 4000-нан астам, Сауд Арабиясы Корольдігінде шамамен 1800 Қазақстан азаматы бар. Аталған елдердегі азаматтармен тұрақты түрде байланыс бар жағдайдың дамуына қарай қажетті ұсынымдар берілуде. Министрлік уәкілетті органдармен бірлесе азаматтарымыз үшін эвакуациялық рейстерді пысықтады. Бүгінгі күнге дейін шиеленіс аймақтарынан 946 азаматымыз шығарылды. Жақын арада Маскат қаласынан Алматыға 314 азамат бар рейс келеді. Кейін дәл осы бағыт бойынша шамамен 230 қазақстандықты қамтитын екінші топтың ұшуы жоспарланған. Осылайша, Оманнан елге 500-ден астам Қазақстан азаматы оралады деп күтілуде. Сонымен қатар бүгін Джидда – Атырау және Джидда – Ақтау бағыттары бойынша эвакуациялық рейстер жоспарланған, олармен 326 азамат елге қайтарылады. Әуе рейстерінен бөлек, қазақстандықтарды шығару жерүсті жолдары арқылы да жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, Тегеран, Ашхабад және Горган қалаларындағы шетелдік мекемелер 15 азаматтың Иран-Түрікменстан шекарасы арқылы өтуін қамтамасыз етті. Одан әрі оларға Ақтауға жету үшін қажетті көмек көрсетілді. Сонымен бірге Тегеран мен Еревандағы дипломаттар «Заркух» компаниясының қалған 35 қызметкерінің Ираннан шығуын ұйымдастырды. Олар автобуспен Иран-Армения шекарасын кесіп өтті", - деді Ерлан Жетібаев.

Ресми өкіл брифинг барысында әуе кеңістігіне қойылған елеулі шектеулерге байланысты белсенді әскери іс-қимылдар тоқтап, жағдай толық қалыпқа келгенге дейін Таяу Шығыс өңір елдеріне сапарлардан бас тартуға қатаң түрде кеңес берді.

"Өңірде жүрген Қазақстан азаматтарын жеке қауіпсіздік шараларын күшейтуге, қауіпті аудандарға бармауға, жергілікті билік органдарының нұсқаулары мен ұсынымдарын орындауға, сондай-ақ Қазақстанның елшіліктері мен консулдықтарымен, туроператорлармен және әуе тасымалдаушыларымен байланыста болуға тағы да шақырамыз. Қазақстан Сыртқы істер министрлігімен тиісті елдердегі шетелдік мекемелердің ресми хабарламаларын қадағалап отырыңыздар. Азаматтарымыздың қауіпсіз түрде елге оралу мәселесі мемлекет үшін басымдық болып қала береді", - деді ол.

Тэгтер:

таяу шығыс эвакуациялау