"Жүрекпен қабылданған шешім": Төреғали Төреәлі отбасымен бірге басқа қалаға көшіп кетті

Бүгін, 20:28 / Өтей Торғайұлы

Танымал әнші Төреғали Төреәлі тосын жаңалықпен бөлісті, деп хабарлайды turkystan.kz.

Ол әлеуметтік желіде енді Түркістан қаласында тұратынын айтқан.

"Біз Түркістанға көшіп келдік. Бұл – жай ғана мекен ауыстыру емес. Бұл – жүрекпен қабылданған шешім. Түркістан – тарихтың үнін сақтаған, уақыттың тынысын сездірген, рухтың тамыры тереңге кеткен қасиетті шаһар. Бұл қалада үнсіздік те мағыналы. Бұл жерде әрбір көше, әрбір тас – шежіре. Өткен мен болашақ бір-біріне қарсы тұрмайды, керісінше, бірін-бірі толықтырып, жалғастырып тұрады. Біз бұл қаланы саналы түрде таңдадық. Түркі әлемінің рухани астанасы атанған осы мекеннің болашағына сенеміз. Түркістан тек киелі орталық қана емес, ол – жаңғырудың, жаңарудың, жасампаздықтың кеңістігі. Отбасымызбен осында қоныстандық. Балаларымыз тамырын сезініп өссін деп. Жасаған ісіміздің мағынасы терең болсын деп. Тек жобалар емес, із қалдыратын істер атқару үшін. Түркістан, саған сәлем. Қадірлі Түркістандықтар, сіздерге құрмет. Біз бұл қалаға қонақ болып келген жоқпыз. Біз – бірге еңбек етуге, бірге өркендеуге, бірге тарих жазуға келдік. Киелі мекеннің келешегі – оның бүгінгі қадамына байланысты. Ал біз сол қадамның нық, саналы, батыл болғанын қалаймыз. Түркістан – тек өткеннің мұрасы емес. Ол – болашақтың уәдесі.", - деп жазды әнші.

Әншінің тыңдармандары желіде құтты болсын айтып, бұл шешімнің тосын жаңалық болғанын айтты.

"Құтты болсын. Киелі мекен сіздерге тек қуаныш сыйласын. Берекелі мекен болсын", "Берекелесі мекен болсын. Аман жүр әрқашан!", "Қоныс құтты болсын!" деп жазды олар.

Тэгтер:

әнші Төреғали Төреәлі