Астанада «Әділетті және прогрессивті Қазақстанның халықтық Конституциясы үшін!» Жалпыұлттық коалициясының өкілдері С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті АҚ қызметкерлерімен Қазақстан Республикасы жаңа Конституциясы жобасын талқылауға арналған кездесу өткізді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Іс-шараға ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Татьяна Савельева, AMANAT партиясы Астана қалалық филиалының атқарушы хатшысы Мұхаммед Болысбек, сондай-ақ Астана қаласы мәслихатының депутаттары Азамат Айтхожин мен Қанат Естек қатысты. Олар жаңа Негізгі заң жобасының маңызы мен негізгі бағыттары туралы баяндады.
«Жаңа Конституция жобасының ерекшелігі – саяси институттардың атауын өзгертуінде емес, елдің стратегиялық негізінің жаңаруында. Енді басты назар адам құқықтары мен бостандықтарына аударылып отыр. Егер бұрынғы Конституция мемлекеттілікті қалыптастыруға және тиімді жүйе құруға бағытталса, қазіргі жоба адам мүддесін алдыңғы орынға қояды. Екінші бөлім адам капиталын дамытуға арналған және ол елдің стратегиялық басымдығына айналады», – деді Татьяна Савельева.
«Жаңа Конституция жобасы мемлекеттілікті одан әрі нығайтуға бағытталған. Құжат қоғамның даму мен жаңару сұранысын айқындайды. Реформалардың табысты жүзеге асуы азаматтардың қолдауына тікелей байланысты. Халықпен ашық диалог негізгі ережелерді түсіндіруге және өзекті сұрақтарға жауап беруге мүмкіндік береді», – деді Мұхаммед Болысбек.
Азамат Айтхожин Қазақстанның 120-дан астам ұлт өкілдері тұратын бейбітшілік пен келісім елі екенін атап өтті.
«Кез келген Конституция, әлем елдеріндегі сияқты, ең алдымен азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға бағытталады. Жаңа жобада адвокатура мен прокуратураның мәртебесі нақты айқындалып, әрбір адамның құқықтық кепілдіктері күшейтілген», – деді ол.
Кездесу соңында Қанат Естек жобаны әзірлеу үдерісіне және азаматтардың қатысуына тоқталды.
«Жаңа жоба халықпен бірлесіп әзірленді. eGov порталы мен арнайы комиссия жұмысы арқылы он мыңға жуық ұсыныс түсті. Сондықтан бұл Конституция азаматтардың пікірлері мен сұраныстары ескеріліп жасалды деп сеніммен айтуға болады», – деді ол.
Кездесу барысында университет қызметкерлері ұсынылып отырған өзгерістерге қатысты сұрақтар қойып, жан-жақты түсіндірмелер алды. Коалиция өкілдері педагогтарды жаңа Конституцияны қолдауға және алдағы референдумға белсенді қатысуға шақырды.
Айта кетейік, С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті – елордадағы жетекші жоғары оқу орындарының бірі әрі еліміздегі ең ірі аграрлық университет. Мұнда 10 мыңнан астам студент білім алып, 2 мыңнан астам оқытушы еңбек етеді.