Депутат Ермұрат Бапи Парламент мінберінде азаматтарды жаңа Конституция жобасын қолдап, 15 наурыздағы референдумға белсене қатысуға шақырды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Депутат сөйлеген сөзінде бүгінгі әлемдік жағдайға, геосаяси тұрақсыздықтың күшеюіне, соғыс аймақтарының кеңеюіне назар аударды. Оның пікірінше, осындай алмағайып уақытта Қазақстан ел қауіпсіздігін, ішкі бірлікті және тұрақтылықты қамтамасыз ететін батыл бастамалар жасауға міндетті. Дәл осы мақсатта ұсынылып отырған жаңа Конституцияның жобасы стратегиялық маңызға ие.
Депутат ел ішінде айтылып жүрген «жаңа Конституция суперпрезиденттік жүйені қайтарады» деген пікірді жоққа шығарды. Депутатың айтуынша, 2022 жылғы конституциялық реформалар нәтижесінде ел суперпрезиденттік моделден бас тартып, жеті жылдық классикалық президенттік жүйеге көшкен болатын. Туыстық ықпал мен мүдделер қақтығысы конституциялық деңгейде жойылды. Жаңа Конституция жекелеген тұлғалардың немесе топтардың ықпалын күшейтуге емес, билік тармақтарының тепе-теңдігін сақтауға бағытталған.
Депутат Конституция жобасын орынсыз сынаушыларға да үн қатты. Оның пікірінше, нақты реализм мен конструктивизмнен жұрдай сыншылық бүгінгі күрделі жағдайда таза популизмге айналады және ескі жүйенің «диірменіне су құяды».
Депутат Ермұрат Бапи сөзін азаматтық үндеумен аяқтады: ол баршаны 15 наурыздағы референдумға қатысуға шақырып, «әрбір дауыс - Қазақстанның орнықты дамуының кепілі» деді.