«Біреуді күндеп, рахат таппайсың!»: Журналист Нұрлан имамға араша түсті

Бүгін, 06:58 / Нұрлан Әлинұр
Коллаж: turkystan.kz

Журналист Ербол Мәндібек желіде Нұрлан имамды сынап, үйін сөз еткендерге үн қатты, деп хабарлайды turkystan.kz.

Оның айтуынша, Нұрлан ағамыз өз қызымен шахмат ойнап отырған видеосын желіге жариялаған.

Кейбір қолданушылар үйдің қымбаттығы мен жағдайына қатысты теріс пікірлер жазған.

Журналист бұл сындарға қарсылық білдіріп, Нұрлан имамды үлгілі әке әрі қоғамға пайдасын тигізіп жүрген азамат ретінде бағалады.

«Шынымды айтсам, Нұрлан имам сияқты азаматтардың жарқырап жүргені абзал. Себебі бұл кісі қоғамға өте көп пайдасын тигізіп жатыр. Әсіресе, дінге қызыққан қауымға өте сауатты уағыз бен түсінік беріп жүр. Өзіме Нұрлан имамның уағыздары өте қатты ұнайды», – деді Ербол Мәндібек.

Журналист сонымен қатар қоғамда адал еңбегімен танылған адамдардың жетістігіне қуанудың маңыздылығын атап өтті.

«Көршің байыса қуан дейтін қазақтың аталы сөзінің астарында терең ұғым жатыр. Сондықтан біреу жарқырап жүрсе, оған тек қуанайық. Біреуді күндеп, біреуді тілдеп ешкім рахат таппайды», – деп жазды ол.

Ербол Мәндібек қоғам алдында үлгілі адамдардың өмірін құрметтеудің, олардың жетістігін бағалаудың маңыздылығын жеткізді.