Белгілі әзілкеш Тұрсынбек Қабатовтың Дубайда білім алып жүрген қызы Әдемі Тұрсынбекқызы әлеуметтік желіде соңғы жағдайға қатысты пікір білдірді, деп жазады turkystan.kz.
Ол бұл туралы фото немесе видео жариялағысы келмейтінін айтып, елдің қауіпсіздігіне сенетінін жеткізді.
"Дубайдағы соңғы жаңалықтарды естіген шығарсыздар. Бірақ мен бұл туралы фото не видео салғым келмейді. Бұл елде 5 жыл тұрып, қаншалықты қауіпсіз екенін жүрегім сезеді. Сабақ 8 наурызға дейін онлайн. Өзімді карантиндегідей сезініп жүрмін", – деп жазды ол.
Әдемінің айтуынша, үнемі қозғалыста жүріп үйренген адам үшін уақытша тоқтап қалу оңай емес.
"Күнде жоспар қойып, үнемі қозғалыста жүретін мен үшін тоқтап қалу қиын екен. Істейтін нақты нәрсе болмаған кезде өзімді біртүрлі сезінемін", – деді ол.
Сондай-ақ ол "неге елге қайтпайсың?" деген сұрақтарға да жауап берген.
"Мен қайтқым келмейді дейсіздер ме? Ата-анам әр 5 минут сайын хабарласып, уайымдайды. Сонда да үйге қатты қайтқым келеді, отбасыма. Егер отбасым жанымда болса, өзімді әлдеқайда қауіпсіз сезінер едім. Ал менің халімді сұрап, уайымдағандарыңызға рахмет. Менде барлығы жақсы", – деп жазды Әдемі Тұрсынбекқызы.