Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова ата-аналарды қызылша ауруынан қорғау үшін балаларды уақытылы вакцинациялауға шақырды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Министрдің айтуынша, қызылша – асқынуы ауыр, қауіпті жұқпалы ауру, әсіресе кішкентай балалар үшін осал, ал сенімді қорғаныс тек вакциналау арқылы қамтамасыз етіледі.
«Ана ретінде де, дәрігер ретінде де мен әрбір ата-ана үшін ең басты құндылық — баласының қауіпсіздігі екенін жақсы білемін.
Бүгінде елімізде қызылша ауруының өсуі тіркелуде. Бұл «қарапайым балалар инфекциясы» емес. Қызылша — асқынуы ауыр болуы мүмкін қауіпті жұқпалы аурулардың бірі. Ол пневмонияға, нерв жүйесінің зақымдануына және басқа да күрделі салдарға әкелуі мүмкін. Әсіресе ерте жастағы балалар осал келеді.
Денсаулық сақтау министрлігінің тарапынан бірқатар шаралар қабылданды: 6–10 айлық балаларға қосымша иммундау басталды, екпені өткізіп алған балаларды вакцинациялау ұйымдастырылды, профилактикалық жұмыс күшейтілді. Қазіргі таңда сырқаттанушылықтың өсу қарқынының төмендеуі байқалады, дегенмен жағдай баршамыздың ортақ жауапкершілігімізді талап етеді.
Сенімді қорғанудың жалғыз жолы — вакцинациялау. Оның қауіпсіздігі мен тиімділігі көпжылдық тәжірибемен дәлелденген.
Сіздерді дәлелді медицина қағидаттарына және мамандардың ұсынымдарына сүйенуге шақырамын. Балаңызға екпе жасату арқылы сіз тек өз балаңызды ғана емес, өзге балаларды да қорғайсыз.
Балаларыңыздың денсаулығына қамқорлық жасаңыздар. Екпені уақытылы алыңыздар», - деді ол.