«Әйеліме ауыр диагноз қойды»: Азамат Сатыбалды алғаш рет зайыбының не үшін бала көтере алмайтынын айтты

Бүгін, 01:24 / Нұрлан Әлинұр
Коллаж: turkystan.kz

Қазақстандық танымал актер Азамат Сатыбалды зайыбы Назгүлдің денсаулығына байланысты бастан өткерген қиын кезеңдері туралы сыр шертті, деп хабарлайды turkystan.kz.

Актердің айтуынша, ерлі-зайыптылардың бір ғана ұлы бар. Алайда бұл жағдай қоғам тарапынан түрлі түсінбеушілік пен ауыр сөздерге себеп болған.

«Бізде бір ғана ұл бар. Кейде адамдардың сөздері қатты тиіп, намысыңа тиетін сәттер болады. “Туып алмайсыңдар ма?”, “Бір баланың бетіне қарап не істеп жүрсіңдер?” дегендер болды. Бірақ олар сенің ар жағыңда не болып жатқанын білмейді. Біз екеуміз де көпбалалы отбасынан шықтық. Бірақ Алла бізге бір ғана ұл берді. Бір баламен тоқтап қаламыз деп ойламадық», — дейді ол.

Актердің сөзінше, ұлы Сұлтан дүниеге келгеннен кейін жұбайы ауыр сырқатқа шалдығып, бала көтере алмай қалған.

«Назгүл ауырып қалды. Бармаған жеріміз жоқ. Кейін дәрігерлер ауыр диагноз қойып, бала көтере алмайтынын айтты», — дейді Азамат Сатыбалды.

Ол бұл жағдай ер азамат ретінде өзіне де ауыр тигенін жасырмады.

«Пенде болған соң, шайтани ойлар да келеді екен. Сол кезде әкемнің бір ауыз сөзі бүкіл дүниетанымымды өзгертті. Әкем: “Егер Назгүлден басқа әйел аламын десең немесе ажырасам десең, екі дүниеде де батамды бермеймін. Маған Назгүлден артық келін керек емес. Алла бір балаға татитын он бала бере ме, әлде он балаға татитын бір бала бере ме – оны өзі біледі. Бар балаңа тәубе ет”, — деді», — деп еске алады актер.

Азамат Сатыбалды бұл әңгімені жұбайына ешқашан айтпағанын, тек алғаш рет көпшілікпен бөлісіп отырғанын жеткізді.

«Әке-шешем Назгүлді қатты жақсы көрді. Сол сөздерден кейін ішкі ойым түгел өзгерді. Үйдегі жайсыздық кетті. Қарым-қатынасымыз жақсарды. Қазір ұлым Сұлтан 21 жаста. Еш өкінбеймін. Алла қосқан жарыммен бірге бақытты ғұмыр кешіп келемін. Әкемнің даналығына, көрегендігіне разымын», — дейді ол.