Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Иранда қаза тапқан 160 оқушының өліміне терең күйзеліс білдіріп, марқұм болған балалардың отбасыларына көңіл айтты, деп хабарлайды turkystan.kz.
Сонымен қатар ол халықаралық қауымдастықты балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған нақты әрі жүйелі шараларды күшейтуге шақырды.
«Иранда болған қайғылы оқиға – 160 мектеп оқушы қыздардың қаза табуы туралы суыт хабарды терең күйзеліспен қабылдадым. Бейбіт күнде білім алып, болашаққа қадам басуы тиіс балалардың өмірінің үзілуі – барша адамзат үшін орны толмас қасірет.
Бала тәрбиесімен айналысатын адам ретінде балалар ешқашан қандай да бір қақтығыстың, жанжалдың немесе саяси текетірестің құрбаны болмауы тиіс деп санаймын. Олардың қауіпсіздігі мен амандығы – халықаралық қауымдастық үшін де, әр мемлекет үшін де ең басты құндылықтардың бірі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев халықаралық мәселелерді әрдайым бейбіт, дипломатиялық жолмен шешу қажеттігін үнемі айтып келеді. Бұл – адам өмірін, әсіресе балалардың болашағын қорғауға бағытталған салмақты әрі дәйекті ұстаным. Мен бұл көзқарасты толық қолдаймын.
Қаза болған ирандық балалардың ата-аналары мен жақындарына көңіл айтамын», - деді министр.