Астанада 5 күнде заң бұзған 442 шетел азаматы ұсталды

Бүгін, 12:28 / Алуа Арман
istockphoto.com

Елордада 23–27 ақпан аралығында елорда аумағында «Мигрант» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді. Іс-шараның мақсаты – көші-қон заңнамасының сақталуын бақылау, заңсыз көші-қон арналарын анықтау және жолын кесу, деп хабарлайды turkystan.kz.

Шара аясында көші-қон қызметі, криминалдық полиция, патрульдік полиция, учаскелік полиция инспекторлары, сондай-ақ арнайы бөлімшелер қызметкерлерінен мобильді топтар құрылып, заңсыз мигранттардың ықтимал жүріп-тұру және шоғырлану орындары тексерілді.

Тексеру барысында пәтерлер, қонақүйлер, жатақханалар, құрылыс нысандары, базарлар, демалыс орындары, вокзал маңы аумағы мен өндірістік аймақтар қамтылды.

Нәтижесінде 5 күн ішінде көші-қон заңнамасын бұзудың 555 дерегі анықталды. Атап айтқанда, ҚР ӘҚБтК-нің 517-бабы бойынша 442 шетел азаматы жауапкершілікке тартылды, ал ҚР ӘҚБтК-нің 518-бабы бойынша шетелдіктерді қабылдаушы 78 ҚР азаматы анықталды. Сондай-ақ ҚР ӘҚБтК-нің 519-бабы бойынша 35 жұмыс берушіге қатысты әкімшілік шара қолданылды.

Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі сотының шешімімен 67 шетел азаматы ел аумағынан шығарылды. Сонымен қатар, сот шешімін орындамаған, бұған дейін елден шығарылған 13 шетел азаматы анықталып, мәжбүрлі түрде шығарылды.

Көші-қон заңнамасының талаптарын сақтау – қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етудің маңызды бөлігі. Полиция департаменті азаматтар мен жұмыс берушілерді заң талаптарын қатаң сақтауға шақырады.

 

Тэгтер:

құқық бұзушылық шетел азаматы Шетелдік заң бұзу көші қон