Семей қаласының шетіндегі «ҚазМұнайГаз» жанармай бекетінің маңында қайғылы жағдай болды. Тәртіп сақшылары «Газель» автокөлігінің ішінен екі ер адамның денесін тапты, деп хабарлайды turkystan.kz.
Алдын ала мәлімет бойынша, ер адамдар түнде көлік салонында ұйықтаған. Олар жылыну үшін автономды жылыту құрылғысын пайдаланған болуы мүмкін. Өкінішке қарай, азаматтар ұйқыдан сол күйі оянбаған.
Абай облыстық Полиция департаменті екі адамның қаза тапқанын ресми түрде растады. Оқиға орнына шұғыл түрде полиция мен төтенше жағдай қызметінің мамандары жеткен. Мәйіттерді тексеру барысында зорлық-зомбылық белгілері табылмаған.
Қазіргі уақытта құзырлы органдар тиісті тексеру амалдарын жүргізіп жатыр.
«Қаза тапқандар қозғалтқышы қосулы тұрған және ішінен құлыпталған көліктің ішінде болған. Өлімнің себебі — иіс тиіп улану. Аталған факті бойынша тексеріс жүріп жатыр, оның қорытындысымен процессуалдық шешім қабылданады», — деп хабарлады ведомстводан.
Қайғылы жағдайдың нақты себебі ресми сараптама нәтижелерінен кейін белгілі болады.