Қазақстан Президенті Біріккен Араб Әмірліктері, Сауд Арабиясы, Қатар, Бахрейн және Кувейт мемлекеттерінің басшыларына осынау қиын-қыстау кезеңде шынайы қолдауы мен тілектестігін білдіріп, хат жолдады.
Бұл туралы Президенттің кеңесшісі – баспасөз хатшысы Айбек Смадияров хабарлады.
Мемлекет басшысы достас әрі бауырлас елдердің тәуелсіздігі мен қауіпсіздігіне нұқсан келтіруге бағытталған барлық әскери әрекетті батыл айыптайды.
Қазақстан халықаралық күрделі проблемалар мен қарулы қақтығыстардың бәрін тек дипломатиялық жолмен шешуді ұдайы жақтайды, – делінген хатта.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан бауырлас араб мемлекеттеріне қал-қадерінше көмек көрсетуге дайын екенін айтып, аталған елдердің басшыларымен тұрақты қызметтік қарым-қатынас жалғасатынына үміттенетінін жеткізді.