Жаңалықтар

«Оралман» фильмінің әлемдік премьерасы Иранда өтеді

ашық дереккөзі

«Оралман» фильмінің әлемдік премьерасы Иранда өтеді

«Оралман» фильмі Иранның Тегеран қаласында сәуірдің 21-і мен 28-і аралығында өтетін 35-ші Халықаралық Фаджр кинофестивалінің «Шығыс панорамасы» бағдарламасына  қатысады. Бұл туралы "Қазақфильм" АҚ баспасөз қызметі хабарлайды. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ «Қадам» кинокомапаниясының қатысуымен  түсірілген «Оралман» фильмі атажұртынан кетуге мәжбүр болып, ондаған жылдар өткен соң Ауғаныстаннан туған жеріне қайта оралған қандастарымыз жайлы. Режиссері – Сәбит Құрманбеков («Секер», «Жиде»). Фильмге Дулыға Ақмолда, Есім Сегізбаев, Ержан Түсіпов, Шынар Асқарова, Баян Қажынабиева сынды қазақстандық танымал актерлер түскен. Фаджр халықаралық фестивалі 1982 жылы Иранның мәдениет министрлігі және ислам бағыты ұйымымен негізі қаланған. Фестиваль Қиыр Шығыстағы ең ауқымды әрі танымал кинофестиваль есептеледі. Бұл фестиваль аясында әлем кинематографистері мәдени байланыс орната алатын бірден бір алаң. Биыл «Шығыс Панорамасы» секциясында 12 елден 15 толықметражды картина ұсынылған. Отандық картинамен қатар бас жүлдеге  «Воля отцов» (Қырғызстан), «Ученик» (Сингапур, Германия, Франция, Қытай), «Дом других» (Грузия, Испания, Хорватия, Ресей), «Спрей» (Үндістан), «Сеятель» (Жапония) және басқалар таласады. Фильм режиссері Сәбит Құрманбеков фильм жайлы өз ойын білдіріп, фестивальден не күтетіндігі туралы пікірін білдірді.  «Бұл фестивальден жеңіс күтпеймін. Өйткені маған жеңіс маңызды емес. Маған сол жақтағы қандастарымыздың осы фильмді көргені маңызды. Фильмім арқылы жалпы адамзаттық тақырыпты көтергім келді. Оралмандар тек бізде емес еврей, неміс және басқа да халықтарда  бар. Біздің ауылда немістер көп болатын. 90шы жылдары олар Германияға үдере көшті. Алайда олар бірден сол жерге сіңісіп кеткен жоқ. Олар өз отанының менталитетіне бейімделуі қиын болады. Олар теңіздің ортасында қалып қойған арал секілді болып қалды», – дейді фильм режиссері Сәбит Құрманбеков. Айта кетелік, Фаджр кинофестивалінің «Шығыс Панорамасы» бағдарламасында қазылар алқасы қатарында танымал режиссер Дәрежан Өмірбаев бар. Дәрежан Өмірбаев 2013 жылы аталмыш кинофестивальге «Студент» атты фильмімен қатысқан болатын. Сондай-ақ, қазылар алқасы қатарында: ирандық кинорежиссер және сценарист Камал Тебризи, түрік режиссері Зекир Демиркубуз, француздық продюсер және киносыншы Неджиб Айед және әзербайжандық режиссер Хамида Омарова бар. Дәрежан Өмірбаев қазылармен Азияның үздік режиссерін, үздік қысқаметражды және толықметражды фильмін таңдайтын болады.