Үйлену оңай, той жасау қиын

Үйлену оңай, той жасау қиын

Үйлену оңай,  той жасау қиын
ашық дереккөзі
Қоғамда кең талқылауға түскен Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру»  атты мақаласы көпке ой салып, оң өзгерістерге түрткі болды. Әсіресе, қазақтың қанына біткен ысырапшылдық, даңғойлық туралы сын-ескертпелерінен нәтиже шыға бастағандай.  Мәселен, өткен аптада Ақтөбе облысының имамдары құдайы тамақ кезінде ысырап көп болатынын анықтап, үнемдеудің үлгісін көрсетті.  Дін қызметкерлері бекіткен шағын ас мәзірі  13 сәуірден бастап Ақтөбедегі  орталық «Нұрғасыр» мешітінде қолданыла бастады. Алдағы уақытта өңірдегі мейрамханаларда да құдайы тамақ дастарқаны  сол мәзір бойынша дайындалуы қадағаланбақ.  Астамшылықтан арылтып, үнемшілдікке үйір қылатын осындай игі қадам қазақтың той-томалағында да жалғасын тапса, құба-құп. Өйткені даңғазалық пен даңғойлықтың салтанатына айналған бүгінгі аста-төк тойларға барсақ, көңіліміз құлазып қайтатынын несіне жасырайық? Күн жылынып, көк шыққалы бері жер-жерде той дүбірі жиіледі. Той десе, қу басы домалайтын қазақ барын киіп, бақанын асынып, мейрамхана жағалауды бастап кетті. Бізді өзге ұлттардан ерекшелейтін бір қасиетіміз де осы тойшылдығымыз, думаншылдығымыз. Халқымыздың ұғымында той – елдiң, отбасының жылдар бойы жинаған ішкі рухани байлығының сарқып көрiнер ортасы. Сол себептi де қазақ оны халықтың қазынасы деп атаған. Алайда бүгінгінің той-томалақтарына барсақ, қазына ма, даңғаза ма деп дағдарамыз да қаламыз. Бай барын шашады, кедей қатарымнан қалмайын деп қарызданып-қауғаланады, банктердің «қорасына» кіреді. «Пәленшеден қалмайық, түгеншеден асайық» деп жиған-тергенін ысырап етіп, берекесін шайқап жасалатын мұндай шараның қадірі қаншалықты деген ойға қаласың. Өзінің ет жақын туыстарының басын қосып, қуанышын бөлісу үшін емес, барын көрсетіп мақтану, шені үлкен, шекпені қымбат қонақтарға құрмет көрсету үшін той жасайтындар көбейіп барады. Туған-туыс, дос-жаранның тойына апарғанын қайтару үшін ат шаптырым мейрамхана жалдап, аста-төк дастарқан жаятындар да аз емес. Қонақтардың ыстық ықылас пен ақ тілегін емес, әкелген шашуын аңдып, «құтты болсынды» кім көп әкелсе, соның көңілін аулайтындарды көз көріп, құлақ естіп жүр. Қалай десек те, бүгінгі той бұрынғының дәстүрін ардақтауды қойған. Қазіргі той құдды бір бәсеке, бәйге іспетті. Той қонақтарын кімнің озып, кімнің қалыс қалғанын анықтайтын төрешілер дерсіз. Олардың көңілінен шығу үшін мол дастарқан жайылып, қымбат арақ-шарап қойылуы шарт. Той тізгінін танымал асабалардың біріне ұстату міндет.  Ел алдында жүрген атақты әнші-бишілер өнер көрсетіп, төрешілердің көңілін ауламаса тағы болмайды.  Қонақтардың жоғары бағасына лайық болудың келесі бір шарты – тарту-таралғысы мол тойбастар қоржыны. Тойдан тобықтай деп, бір-бір бұйым арқалай кетпесе, әйелдер қауымының көңілі көншісін бе? Мұның бәрінен бөлек, қалыңдықтың көйлегі, құда-құдағидың бір-біріне жасайтын тарту-таралғысы, жас жұбайлардың бір-біріне һәм ата-анасына асататын торты да көптің қырағы назарында. Торт демекші, заман көшінен қалыспай, кірме дәстүрді төл дәстүрдей әспеттеген тойшыл қауымды көргенде Зейнеп Ахметова апамыздың мына бір сөзі еріксіз ойға оралады:  «Торт – жеті атамыздан қалған ас емес. Торт кесу жоралғысы басталар алдында, тойдың үстінде жарықты сөндіреді. Бұл нағыз қазақ ұғымына қайшы дүние. Әдетте «Шырағың сөнбесін» дейді қазақ. Шынын айтқанда, отау көтеріп, азамат болып, бір шаңыраққа ие болып жатқан жігітке қолына пышақ беріп, әйелдер секілді торт кестіру қазаққа жат қылық» деген еді. Жат жоралғы, төл дәстүрі бар, орынды-орынсыз шығыны бар, қалай болғанда да той жасау қазақтың қалтасы үшін аз салмақ болмай тұр. Қызын ұзатып, ұлын үйлендіретін ата-ана байғұстың қаражат іздеп тентіреп кететіні сондықтан. Шарасыздықтан несие деген құрдымға сүңгiп, ай сайын айлығының жартысын банкке апарып беретіндері тағы бар. Ал сонша әуре-сарсаңмен тапқан қаражат жөнімен жұмсала ма? Той иелері мейрамхана иесі мен асабаға, әнші мен бишінің, фотограф пен оператордың, бет әрлеуші мен зал безендірушінің қалтасына қанша ақша салып береді? Жақында отау құрған жас отбасылардан сұрастыра келе, бүгінгі тойлардың орташа шығынын есептеп көрдік.

Мейрамхана мейманның көңілінен шықсын десеңіз...

 width=

Тойға дайындық мейрамхана іздеуден басталады. Төрт жүз, бес жүз адамсыз той өткізбейтін Шымкентте тойханадан көп дүние жоқ. Қысы-жазы оңайлықпен босамайтын мейрамханалардағы бір орынның бағасы 2500 теңгеден басталып, 10 мың теңгеге дейін жетеді. Қалтаңыз көтерсе одан да қымбатын табуыңызға әбден болады. Ал Алматыда мейрамханалардың жан басына шаққандағы бағасы кем дегенде 6000-7000 мың теңгеден басталады. Бірақ мұндай бағада қызмет көрсететін орынды табу үшін біраз табаныңыздан таусылуға тура келеді. Тапсаңыз да,  қаланың шет жағында, көзден тасалау, көлік қозғалысынан жырақтау жерде орналасқан мейрамханаға той жасауды көңіліңіз қалай қоймайтыны анық. Сондықтан амалсыз құны 15-20 мың теңгелік тойханаларға тапсырыс бересіз. Қаржыңыз жетсе, орталықта 30-40 мыңдық мейрамханалар да қаз-қатар тізіліп тұр.  Бұл – адам басына шаққандағы сома. Оған қоса дастарқанның кем-кетігін, алып-қосарын сырттан көтере келетініңіз тағы бар. «Тойымызға 400 адам шақырдық. Ағайын-туыс, жора-жолдас бар дегендей. Шамамен дастарқанның өзіне 2,5 миллион теңгеге жуық  қаражат кетті. Өзіміз оқуды жаңа бітіріп отау көтергендіктен, шыны керек, бүкіл қаржыны ата-анамыз көтерді. Той өзін өтемесе де, жалғыз ұл болған соң, әжептеуір жұмсалған шығынның орнын толтырды ғой», – дейді жақында ғана Шымкент қаласында тойы дүркіреп өткен Айбек есімді жігіт. Несін жасырайық, бүгінде жастардың қуанышына ортақтасуға барғанымен, кім болса да той дастарқанына сынай қарайды. Соны білгендіктен той иелері қолдан келгенше мол дастарқан жаюға тырысады. Бір емес, үш ыстық тағам ұсынып, қонақтың алдына салаттың 3-4 түрін, тіскебасардың 2-3 түрін, тәттінің таңдаулысын, арақ-шараптың қымбатын қояды.

«Келіншектің көйлегі қандай екен?»

 width=

Той салтанатында жұрт көзiне ең бiрiншi түсетiн – жас жұбайлар. Оның iшiнде аққудай үлбiреген қалыңдықтың той көйлегiне ерекше назар аударылады. Өмiрiнде бiр-ақ рет болатын айтулы күнде әрбiр қыздың әдемi көрiнгiсi келетiнi айтпаса да белгілі. Қымбат көйлек кимесем болмайды деп жер тепсiнiп отыратын келіндерді де көз көрiп жүр. Той көйлегiн жалға беретін дүкендерде әркімнің талғамы мен қалтасына қарай көйлектің алуан түрі бар. Оларды жалға алу құны 50-200 мың теңгенiң айналасында. Сатып алса одан да қымбат. Бiр ғана кештiң көйлегi үшiн мұнша қаражат шығындауды ата-ана құптамаса да, келiннiң көңiлi жарым болмасын деп таңдағанын алып береді.  Оған күйеужігіттің костюм-шалбарын, аяқ киіміне гүл, лента секілді ұсақ-түйекке кететін қаражатты қосыңыз. Келесi шығын – қалыңдықтың макияжы, шаш үлгiсi. Бұл қызмет түрiн ұсынатын сән салондары табысының негізгі бөлігін тойдың арқасында тауып отыр. Өйткені тойы болатын келіншектер де, тойға баратын арулар да сонда. Бет әрлеудің басқа түрлеріне қарағанда қалыңдық макияжының құны 2-3 есе қымбат. Ең қарапайым макияж 5 мың теңгеден басталып, орындалу техникасы, қолданылатын бояу түрлерінің сапасына қарай 15 мың теңгеге дейін барады. Ал әдемі шаш үлгісін жасату құны 5-10 мың теңге аралығында. Тойы Алматыда өткен Әсем есімді келіншектің айтуынша, күйеуі екеуінің тойға сақадай сай дайын болуына 230 мың теңге кетіпті. Тарқатып айтып беруін өтіндік. «Көйлегімді дүкеннен емес, әлеуметтік желідегі жарнама арқылы бейтаныс келіншектің үйіне барып сатып алдым. Ол Алматыдағы танымал дүкендердің бірінен 250 мың теңгеге сатып алып, өз тойына киген көйлегін 120 мың теңгеге сатты. Бетімді әрлеуге және шашымды жөндеуге 15 мың теңге жұмсалды. Қолыма ұстайтын гүл мен ленталарды алдын-ала тапсырыспен 20 мың теңгеге жасаттық. Аяқ киімімді 10 мың теңгеге сатып алдық. Ал күйеуімнің костюм-шалбарына 50 мың теңге, аяқ киіміне 15 мың теңге жұмсалды. Яғни екеуміздің дайындығымызға 230 мың теңге кетті», – дейді Әсем. Тойға бармаған қыз-келіншектер барған бикештерге «Келіншектің көйлегі қандай екен?» деген сауалды міндетті түрде қояды. Ал сол дәстүрлі сұрақтың жауабы жақсы болуы үшін жақсы ақша жұмсалатынын жоғарыдағы дөңгеленген сандарға қарап ұғуға болады.

               Керуенмен серуен

Тойға бет алған жастар қауымының асыға күтетіні – той серуені. Қаланың көрікті жерлері мен саябақтарын аралап, суретке түсіп, тойханаға бет алғанда жол-жөнекей «кафелететін» бұл үрдістің де шығыны шаш етектен. Ханзада мен ханшайымдай аяғыңызды жерге тигізбей алып жүретін лимузині, артынан ілескен он шақты қымбат көлігі бар той керуенін бес-алты сағатқа жалдау құны 150 мың теңгеден басталып 300 мың теңгеге дейін жетіп жығылады.  width= Серуен кезінде суретке түсу үрдісі бар. Естелік ретінде альбом жасатқыңыз келетіні де белгілі. Оған қоса камераға түсіретін операторлардың жұмысы және бар. Ертеден қара кешке дейін жас жұбайлардың соңынан зыр жүгіріп қызмет ететін мамандардың жұмыс ақысы қанша? Орта есеппен алғанда 30-60 мың теңгеге қызмет көрсететін фотографтар ақыны жасататын альбомыңыздың түр-түсіне қарай белгілейді. Ал операторлардың қызметі 15-30 мың теңге аралығында. Той серуенін басы артық шығын көріп, оған жұмсалатын қаражатты игілікті іске жұмсауды жөн көретіндер аз емес. Мәселен, өткен жылы шымкенттiк жас жұбайлар Мейiрман мен Сәнияның той алдындағы iс-әрекетi көпшiлiктi таңғалдырып, ғаламторды шулатқаны есте. Олар той серуенiне жұмсалатын қаржыға балаларды бейiмдеу орталығының тәрбиеленушiлерiне дастарқан жайды. Қызықты кеш ұйымдастырып, ән айтып, би билеп, көңілі жарым балаларды аз да болса қуантып қайтты. Осы оқиғадан соң көп уақыт өтпей Шымкентте тағы бiр сауапты iс жасалды. Бұл жолы екi жас тұрмысы төмен жандарға тегiн тамақ таратты. Әрине, өзгені қуанту үшін өз қызығынан бас тартқысы келетіндер көп емес, бірақ бар.

Тойдың мәні һәм сәні

Осы күні тойхананы той иелерінің қалауына қарай белгілі бір түспен біркелкі етіп безендіру сәнге айналды. Шарлар мен гүлдер, әдемі баулар келген қонақтың тойдағы көңіл-күйіне айтарлықтай әсер ететін көрінеді. Қонақтар естелікке суретке түсуі үшін кіреберіске баннер қою да осы күні бұлжытпай орындалатын қағида. Қос ғашықтың аттары жазылып, енді біріне суреттері бейнеленетін түсқағазды тақтаның бағасы 20 мыңнан басталады. Шары мен гүлі, баннері мен баулары бар – безендірушілер қалтаңыздан 40-50 мың теңгені қағып алады да, жөніне кете береді. Тойхананың сән-салтанаты келісіп тұр делік. Әрі қарайғы шаруа тойдың мәнін кіргізетін бірден-бір адам – асабаның қолында. Той жүргізетін асабалардың қызмет ақысы 60 мың теңгеден басталып, 2-3 мың доллар, кейде тіпті 5 мың долларға дейін барады. Жұмыс кестесі бір жылға алдын ала жоспарланып қоятын кейбір жұлдызды асабалар 3-4 сағаттық қызметі үшін 10 мың доллар алған кезі болыпты дегенді де естідік. Асабаның атағы мен даңқы артқан сайын қызмет ақысы да өсе беретінін біле тұра бүгінгі тойшыл қауым шамасы келсін-келмесін тыраштанып,  тойына танымал тізгіншілерді шақыруға құмар.

Тойбастарсыз той бар ма?

 width=

Тойбастар таратылмай, той тарқамайды. Тойдан тобықтай деп қоржынға салынған тарту-таралғы үлестірілгеннен кейін қонақтардың көбі үйді-үйіне тарқап кететіндіктен,  қазір той иелері тойбастарды тойдың соңына таман ұсынатын болған. Қоржын ішіндегілерді кәкір-шүкір деп елемейтіндер көп, алайда қырғыз бен қытай жасап беріп отырған сол ұсақ-түйектің өзі той жасаушының қалтасына аз салмақ түсірмейді. Осы күні жатжұрттықтар біз тау ғып үйіп, өртеп жатқан киіздің бір шөкімінен ғана келістіріп, киіз үй үлгісінде қоржын жасап, бізге оны 2000-5000 теңгенің аралығында саудалайды. Он адамның ортасына бір тойбастар қойылатынын ескерсек, 300 адам шақырылған тойға 30 тойбастар дайындалады. Жуырда кенжесін үйлендіріп, 200 адамға той жасаған зейнеткер Кәмшат апайдың айтуынша, үнемдеп, ықшам етіп жасауға тырысқанның өзінде тойбастарға 80 мың теңге қаржы жұмсалған. Шынтуайтына келгенде, тойдан арқалап қайтқан сол бұйымдардың кәдеге жарайтыны некен-саяқ. Бірақ пайдаға ассын, аспасын, тойбастар таратылуы шарт. Таратылмаса, елдің сөзіне қалады. Аста-төк дастарқан да, қыруар қаржыға жалданған әдемі мейрамхана да, сағаттап қонақтардың көңілін аулағанға шебер асаба мен күміс көмей әнші де әдірем қалуы мүмкін. Айналып келгенде ысырапшылдықты, даңғойлықты жаны сүйетін қазақ қытай мен қырғызды жарылқап отыр деген сөз. Той жасау қазақтың кеңдiгiн, дарқандығын көрсетедi. Өзiмiздi осылай алдаусыратудан танбай келеміз. «Тапқанымыз тойға шашылсын» деп астамшылықты ақтап аламыз. «Шаршасақ, той қамымен жүгіріп шаршайық» деп тілек айтып, шыны соғыстырамыз. Сөйтiп жүрiп той жасауды даңғойлыққа, бекер мал шашпаққа айналдырып алғанымызды енді аңғарғандаймыз. Бірақ соны біле тұра, дүрмекке ілесуді жалғастыра береміз. Өйткені көштен қалып кетуге болмайды, «өлімнен ұят күшті». Қымбат көйлек, зәулім мейрамхана, аста-төк дастархан жас отаудың бақытына кепіл бола алмайтынын ескере бермейтініміз өкінішті. Той үшін алынған миллиондаған несиелер қанша отбасының шаңырағын шайқалтқанын кім білсін?!.