Оралда Жалпыұлттық коалиция мүшелері БҚО медицина қызметкерлерімен жаңа Конституция жобасын талқылады

Бүгін, 20:09 / Дана Ізтілеуова
Жалпыұлттық коалиция

Оралда, Uniserv Medical Center ұйымы қызметкерлері «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалиция мүшелерімен кездесті. Іс-шараға ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, ҚР Парламенті депутаттары, БҚО денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мадияр Өтешов және басқалары қатысты, деп хабарлайды turkystan.kz.

Кездесу жаңа Конституция жобасы мен 15 наурызда өтетін республикалық референдумға арналды. Uniserv Medical Center қызметкерлерімен әңгімелесу барысында Аида Балаева денсаулық сақтау саласының Конституциядағы маңызына ерекше тоқталды.

«Денсаулық сақтау саласы мемлекеттің әлеуметтік моделінде маңызды орын алады. Қазақстан Республикасының Конституциясының Преамбуласында және бірінші бабында Қазақстан әлеуметтік мемлекет ретінде сипатталады, оның жоғары құндылығы – адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары. Денсаулық сақтау қоғамның тірегі әрі халықтың әл-ауқатының кепілі. Сала жұмысының сапасы демографиялық және әлеуметтік тұрақтылықты сақтауға, сондай-ақ экономикалық дамуға елеулі әсер етеді. Қоғамдық талқылауда кейде әлеуметтік саладағы мемлекеттік міндеттемелер қысқарады деген жаңсақ пікірлер айтылып жатады. Алайда Конституция жобасында мұндай мазмұн жоқ. Керісінше, онда азаматтардың денсаулығын сақтауға құқығы, сондай-ақ заңда белгіленген тәртіп пен көлемде өздері төлемейтін медициналық көмекті алу құқығы бекітіледі. Сонымен қатар мемлекеттік және жекеменшік медициналық ұйымдарда ақылы медициналық қызмет алу мүмкіндігі сақталады», – деп атап өтті Аида Балаева.

Үкімет басшысының орынбасары жаңа конституциялық өзгерістер қазіргі заманғы қатерлерді ескере отырып, мемлекеттің құндылықтарын нығайтуға бағытталғанын, жеке тұлғаның, қоғам мен мемлекеттің мүдделері арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз ететінін атап өтті.

«Қазіргі кезең мемлекет пен қоғам арасындағы қатынастарды реттей алатын жаңа Конституцияны талап етеді. Ата заң жобасының басты құндылығы – азаматтың қадір-қасиетін қорғау мен бостандығы Сонымен қатар бірлік, сыйластық, ұлтаралық және дінаралық келісім Қазақстан мемлекеттілігінің мызғымас тірегі ретінде бекітіліп отыр. Бұл қағидаттар көпэтносты, көпконфессиялы қоғам жағдайында тұрақтылық пен үйлесімді дамудың басты алғышарты екені сөзсіз. Егемендік пен Тәуелсіздік, елдің аумақтық тұтастығы өзгермейтін, қол сұғуға болмайтын құндылықтар ретінде белгіленуі – мемлекеттің беріктігіне берілген нақты құқықтық кепіл. Қандай жағдайда да бұл ұстанымдар Қазақстан дамуының бұлжымас негізі болып қала береді», — деді Премьер-министрдің орынбасары.

Конституциялық нормалардың салалық маңызы туралы Uniserv Medical Center анестезиология және реанимация, интенсивті терапия бөлімінің меңгерушісі, анестезиолог-реаниматолог Аян Ермұхан өз сөзінде медициналық мамандар жаңа жобаны тек формальды қабылдамай, ол медициналық көмек сапасына, қызметтердің қолжетімділігі мен пациент құқықтарын қорғауға әсер ететін бағыт-бағдар ретінде қарайтынын айтты.

«Денсаулық сақтау саласындағы нормалар біз үшін тек заңды тұжырымдар емес, біздің күнделікті жұмысымызға және пациенттерге медициналық көмек көрсету сапасына тікелей әсер ететін ережелер. Жобада азаматтардың денсаулығын сақтау және заңмен белгіленген көлемде тегін медициналық көмек алу құқығы нақты бекітілген. Бұл тек емдеу ғана емес, өмір сапасын арттыру, профилактиканы дамыту және ерте диагностика жүйесін жетілдіру дегенді білдіреді. Пациент құқықтарын қорғау, медициналық қызметтерге қол жеткізу мен сапаның маңызы арта түседі», – деді ол.

Мәжіліс депутаты Сергей Пономарев медицина қауымдастығын Конституция мәтінімен мұқият танысуға шақырды. Қазақстан заңгерлер одағының төрағасы Серік Ақылбай жаңа Конституция цифрлық дәуірдің және ғылым мен инновациялардың рөлі елдің дамуына ықпал ететінін, бұл медицина саласына да әсер етіп жатқанын атап өтті. Бақтықожа Ізмұхамбетов медициналық қызметкерлерге денсаулық сақтау жүйесінің адам капиталының нығаюына қосқан үлесін атап өтіп, олардың еңбегіне алғысын білдірді.

Кездесу барысында медициналық қауымдастықтың өкілі Надежда Васильева Конституция жобасының денсаулық сақтау жүйесін дамыту және ұлт денсаулығын нығайтуға бағытталған негізгі ережелеріне назар аударды.

«Конституцияда мемлекеттің ең басты құндылығы – адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары, ал адамның өмір тірегі – денсаулық деп көрсетілген. Жоба әр азаматтың денсаулығын сақтау құқығын бекітеді, бұл тек норма емес, мемлекеттің және қоғамның жалпы жауапкершілігі. Медициналық қызмет үшін бұл нақты міндеттерді білдіреді. Атап айтсақ, сапалы және қолжетімді медициналық көмек көрсету, ауыл мен қала арасындағы алшақтықты азайту, жаңа технологияларды енгізу және жас мамандарды тарту. Конституция – біздің бағдарымыз, ал халықтың денсаулығы – елдің дамуының басты көрсеткіштерінің бірі», – деді Надежда Васильева.

Кездесу соңында медициналық қызметкерлер сұрақтар қойып, өз ұсыныстарын білдірді. Жиынға қатысушылар денсаулық сақтау жүйесі үшін тұрақты ережелер, пациенттердің сенімі мен әлеуметтік кепілдіктерді сапалы іске асырудың маңызы көтерілді. Жаңа Конституция жобасы бойынша соңғы шешімді азаматтар 15 наурызда өтетін референдумда қабылдайтын болады.