Жамбылда қос азаматтығы бар әйел елден шығарылды

Бүгін, 17:15 / Алуа Арман
istockphoto.com

Жамбыл облысының Меркі аудандық соты «Шетел азаматтығын алу фактісін хабарламау» бабы бойынша азаматша М-ға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Сот 2025 жылғы желтоқсанда М-ның Қырғыз Республикасының азаматтығын алғанын және бұл туралы уәкілетті органға уақтылы хабарламағанын анықтады.

М-нің кінәсі хаттамамен, полиция қызметкерінің баянатымен, түсіндірме және Қырғыз Республикасының сәйкестендіру картасымен расталды.

Сотта азаматша М хаттамамен келісіп, инфаркт алған жұбайының ауруына байланысты Қырғыз Республикасының азаматтығын алғанын және оған қамқорлық жасай отырып, куәлікті тапсыру мерзімін өткізіп алғанын түсіндірді. Соттан оған айыппұл тағайындамауын өтінді.

Сот қаулысымен М ӘҚБтК 496-бабының 2-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, оған ҚР шегінен шығарып жіберу түріндегі жаза тағайындалды.

Қаулы заңды күшіне енді.

Тэгтер:

шетел қос азаматтық Жамбыл Меркі