Әнел Пимичева: 1 наурыз – әр жанға алғыс айту дәстүріне айналған күн

Бүгін, 10:00 / Алуа Арман

Алғыс айту күні – өзге халықтарға алғыс айтудан бастап, айналамыздағы әр адамға ризашылық білдіруді дәстүрге айналдырған ерекше мереке. Тарихшы Әнел Пимичева ұлтты ұйыстырар бұл күнде әр жанға алғыс айта білу керек дейді. Жас маманның айтуынша, 1 наурыз – тек өзге этнос өкілдерінің қазақ халқына алғыс айтатын күні ғана емес. Оның екінші жағы да бар.

«1 наурыз – тарихшы ретінде мен үшін тарихи күндердің бірі. Себебі дәл осы күні халықтың біртұтас бірлігі көрінеді. Бізде 1 мамыр мерекесі бар. Ол – халықтардың бірлігі күні. Дегенмен бірлік пен татулықты әрқашан көрсетіп, оны нығайту артық етпейді деп ойлаймын. Сондықтан мұндай мерекенің маңызы зор. Тарихтың ақтаңдақ кезеңдерінде көптеген халық депортацияға ұшырап, біздің Қазақстанға келді. Қазақ халқы оларды жылы шырай танытып қарсы алды. Осылайша ұлы даланың мәрттігін, қазақ халқының кең пейілін, дархандығын көрсетті. 1 наурыз – тек өзге этнос өкілдерінің қазақ халқына алғыс айтатын күні ғана емес. Оның екінші жағы да бар. 1 наурыз – айналамыздағы әр адамға алғыс айтатын күн. Қасымыздағы ата-анамыз болсын, дос-жаран, әріптестеріміз болсын, бәріне алғыс айту маңызды. Себебі жай күндері біз оларға да алғыс айтуды ұмытып кетеміз. Осылайша бұл мерекенің өзге халықтардың дана, дархан қазақ халқына алғыс айту күні ретінде басталып, айналамыздағы әр жанға алғыс айту мерекесіне ұласқаны көңіл қуантады. Мен де осы мерекені пайдалана отырып, жанымдағы әр жанға алғыс айтқым келеді. Себебі әр адам – бізге білім тасушы, сабақ беруші, үлгі-өнеге көрсетуші. Әрқайсынан үйренеріміз көп. Сол арқылы өсесің, өнесің. Сондықтан да мен барша қазақстандықты осы бір айтулы мерекемен құттықтаймын!», – деді ол.

Тэгтер:

ұлт 1 наурыз Алғыс айту күні Этнос Әнел Пимичева